Екпе ал да, екі бөлмелі пәтер ұтып ал!

Екпе ал да, екі бөлмелі пәтер ұтып ал!
Сурет: Zamkoff.net

Пәтер ұтысының ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Коронавирустың таралуын болдырмау және вакцинация жүргізу бойынша штаб отырысын өткіздім. Өз орынбасарларыма, басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне жетекшілік ететін салаларда вакцинациялаудың маңыздылығы мен қажеттілігін жоғары деңгейде түсіндіру үшін жекелеген жауапкершілік жүктелді.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қала халқының 60 пайыздан астамы вакциналануы қажет. Санитарлық дәрігерлер карантиндік қосымша шектеулер туралы жаңа қаулы дайындауда: қауіп-қатер тобы үшін вакцинация міндетті, вакцинацияланбаған қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру және тағы басқа талап етіледі.

Қала тұрғындарын ынталандыру үшін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын енгізіп жатырмыз. Ал жаңадан вакциналанғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатпақпыз (инвесторлар есебінен). Ұтыс ойынына қала емханаларында немесе СОО/СҮ пункттерінде екпе алған қала тұрғындарының бәрі қатыса алады», -деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, пәтер ұтысының ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Қыркүйек айының басында нәтижесі жарияланады.

«Конкурстың әділ өтуі және вакцинацияланғандарды толығымен қамту үшін (көрсетілген кезеңде) IT-қоғамдастықты жұмылдырамыз. Айта кетейін, бұған дейін «MEGA Silk Way» СОО вакциналанғандар арасында автокөлік ұтыс ойыны өтетінін хабарлаған. Сол сияқты СОО/СҮ пункттерінде вакциналанғандар арасында компьютерлік және тұрмыстық техникалардың, iPhone смартфонының ұтыс ойындары ойнатылады. Соңғы күндері тұрғындардың вакцина алудағы белсенділігі қуантады. Қала тұрғындары осылайша өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастады әрі «Дельта» штамының қаупін түсінді. Вакцина алу – пандемиямен күрестегі жалғыз әрі тиімді әдіс!» - деді Алтай Көлгінов.