Екпе алғандарға карантин болмайды

 

Таиланд елінде саяхатшылар арасында танымал жер саналатын Пхукет аралында 1 шілдеден бастап екпе салдырған шетелдік демалушылар үшін карантин алынып тасталады. Ал аталған елде алдағы үш ай ішінде 500 мыңға жуық жергілікті тұрғын вакцина салдырады деп жоспарланып отыр. Билік осылай «ұжымдық иммунитет» қалыптастырамыз деген ойда.

Қазіргі уақыттың талабы бойынша вакцина алған саяхаттаушылар 7 күн карантинде болуы керек. 3 айдан кейін оны алып тастау үшін аралға сырттан келген саяхатшылар екпе салдырғанын растайтын құжат көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, коронавирусқа тест тапсырулары қажет. Бұл тұста жергілікті жұртшылық екі түрлі пікірде. Кейбір тұрғындар туризм қайта жанданады деп қуанса, енді біреулері керісінше, алаңдаушылық танытып отыр.

Негізі, пандемияға дейін Таиландтың жалпы ішкі өніміндегі туризм саласының үлесі 12 пайызды құраған. 2019 жылы мұнда 40 млн-ға жуық демалушы келіпті. Ал былтыр олардың саны небәрі 7 млн. болған. Салдарынан осы секторда жұмыс істейтін бір жарым млн. адам жұмыссыз қалған. Бірақ Пхукет билігі биылға үлкен үміт артады. Олар 2021 жылдың үшінші тоқсанында аралға кемі 100 мың турист келеді деген ойда.

Кеме үстінде вакцина салынады

Венециядағы танымал қоғамдық көлік – Вапоретто кемесі вакциналау орталығына айналды. Өйткені, ондағы жасы үлкен кейбір тұрғындар денсаулығына байланысты екпе салдыратын орындарға жете алмайды. Оның үстіне вирус жұқтырып алудан қорыққан жұрт үйден алысқа шықпай,  жүріс-тұрысын шектеген. Сондықтан, егде жастағы тұрғындар жағалауда тұрған су көлігінің ішінде екпе қабылдай алады.

 

Автобусқа рұқсат қағазбен отырасың

Киев қаласында карантин ережелері күшейтілді. Балабақшалар мен мектептер жабылды. Метро, автобус сынды қоғамдық көлік түрлерімен тек арнайы рұқсат қағазы бар адамдар қатынайды. Қысылтаяң шақта қаладағы такси қызметі бағаны бірден 3-4 есеге арттырып жіберген. Бұрын 1,5-2 шақырымдық жер 60 гривен, шамамен 2-3 доллар болса, қазір бұл баға 200 гривеннен асып тұр. Жүргізушілер «біз денсаулығымызға қауіп төнгеніне қарамастан, жұмысты жалғастырып жатырмыз, бағаның көтерілгені әділ» деп ақталады. Қазір Украинада ковид жұқтырғандар саны тәулігіне 10 мыңнан асады. Күніне дерттен 300-ге жуық науқас қайтыс болуда.

 

Дайындаған Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *