Экологтар Қазақстан бойынша бес мыңға жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін тапты

Экологтар Қазақстан бойынша бес мыңға жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін тапты
Сурет: Gov.kz

Рұқсат етілмеген қоқыстардың болуы бүгінгі таңда бірінші кезектегі мәселелердің бірі болып табылады.

Қазақстандық экологтар республика бойынша бірқатар өңірлерде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің алдын алу және жою бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 4 763 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қолайлы емес статистиканы ескерсек, бұл проблеманы шешу барлық мүдделі ұйымдарды, оның ішінде қоғамды тарта отырып, түбегейлі шараларды қолдануды талап етеді.

«Бұған дейін Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің соңғы кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берген болатын және оны орындау аясында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және олардың пайда болуының алдын-алу бойынша ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Бірінші рейд ағымдағы жылдың 24 маусымында басталды және оны бір мезгілде бес ірі өңір: Қарағанды, Павлодар, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары өткізді», – делінген Экология, геология және табиғы ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мамандардың хабарлауынша, рекреациялық аймақтарға экология департаменттерінің, әкімдіктердің, жергілікті полиция қызметінің өкілдері және 30-дан астам эковолонтерлер шықты. 

Бір күндік жұмыс нәтижесінде 20 заңсыз қоқыс орны анықталды, олардың 13-і сол күні жойылды. Сонымен қатар, 6 ескерту беріліп, 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Экологтар бұл рейдтік іс-шаралардың бастамасы ғана екенін ескертіп отыр. Апатты үйінділерді жою кестесі ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін барлық өңірлерге мерзімді сапарларды қарастырады.Кейінгі рейдтердің нәтижелері қосымша жарияланатын болады.