Экологияға зиян тигізген қазақстандықтар қомақты айппұл төлейтін болды

Экологияға зиян тигізген қазақстандықтар қомақты айппұл төлейтін болды
Сурет: Gov.kz

Айыппұл сомасы 30 мыңнан 306 мың 300 теңгеге дейін салыну мүмкін.

Демалыс күндері Алматыда таулы-орманды аймақта өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 21 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Демалыс және мереке күндері таулы-орманды жерлерде өрттердің алдын алу үшін ТЖД, табиғатты қорғау полициясы және Іле-Алатау МҰТП қызметкерлерінен тұратын мобильді топ  үздіксіз жұмыс атқарды.

«45 бірлескен рейдтер барысында 23 сәуірден бастап 10 мыңға жуық жадынама таратылды, таулы, рұқсат етілмеген жерлерде от жағудың 39 жағдайды болдырмай, 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың екеуі жалпы сомасы 76 мың 575 тг  айыппұл салынды», - делінген Алматы қаласы Төтенше жаңдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, орман шаруашылығы мекемелері мен табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда от жаққаны үшін әкімшілік айыппұл салуға уәкілетті. Айыппұл сомасы 30 мыңнан 306 мың 300 теңгеге дейін салыну мүмкін.

«Осыған орай, демалушылардан темекі тұқылын құрғақ шөпке тастамауды, от жақпауды және ашық отты пайдаланбауды, шыны сынықтарын және басқа да қоқыстарды қалдырмауды сұраймыз», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Іле-Алатау ұлттық паркінде, Алмаарасанда, Үлкен Алматы және Казачка өзендерінің бойында тамақ дайындау үшін арнайы жабдықталған орындар (орындық, үстел, бетондалған алаң, мангал) бар, алайда шырша жанында от жағуға қатаң тыйым салынады.

Сонымен қатар, Медеу ауданындағы Медеу табиғи паркінде және Наурызбай ауданындағы Ақсай шатқалында от жағу ұсынылмайды.