Экология министрі киік мәселесіне қатысты қандай тоқтамға келгендерін айтты

Экология министрі киік мәселесіне қатысты қандай тоқтамға келгендерін айтты
Сурет: Web-zoopark.ru

Ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бүгінгі Үкімет отырысында киік популяциясын басқаруға қатысты қандай шешімге келгендерін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz сілтеме жасап. 

Министр кеше ғылым және салалық ассоцияциялардың қатысуымен жиналыс өткізіп, бір тоқтамға келгендерін айтты.

«Терең мониторинг және тиімді басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалы экожүйені кешенді бағалау жөнінде күрделі ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Биыл Зоология институты Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында зерттеулер жүргізу үшін өтінім берген еді. Өкінішке қарай, бұл жоба қабылданбады. Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім, Қаржы Министрліктері осы зерттеулерді қаржыландыруды биылдан бастап қарастыру мүмкіндігін сұраймыз», - деді министр.

Сонымен қатар ол аталған зерттеулер қорытындысына дейін ауыл шаруашылығы субъектілеріне жабайы жануарлар егіс жерлерін зиян келтіргені үшін, оның ішінде залалды есептеу әдістемесін және қаржыландыру тетігін әзірлеу бойынша өтемақы мәселесін қарау қажеттігін жеткізді.

«РОП Операторының қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен кредиттеу мәселесіне келетін болсақ, Қайырбек Айтбайұлы айтқандай тиісті жұмыс Индустрия және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп атқарылуда», - деді Брекешев.