Екінші республиканың негізі болмақ

Екінші республиканың  негізі болмақ
ВКонтакте

Мемлекетіміздің болашағы бәріміз үшін маңызды. Сондықтан мен саяси өзгерістерді жіті бақылап отырамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум жайлы бастамасынан күтеріміз көп.

Дегенмен, еліміздегі өзгерістердің бірінші кезеңі Президентіміздің наурыз айындағы Жолдауынан кейін басталды. Осы Үндеуінде ел басшысы саяси жүйені түбегейлі жаңғырту мен «Әділетті Қазақстан» құрудың жоспарын ұсынды, Ата Заңымызды жетілдірудің жолдарын айтты. Бұл жолдау халық арасында жақсы жағынан үлкен резонанс тудырды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде айтылған мәселелер қайта-қайта талқыланды. Өз байқағаным бойынша, Facebook желісінде жаңа өзгерістерге байланысты адамдар өздерінің азаматтық көзқарастарын асқан қызығушылықпен хабарлап жатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне келетін болсақ, ол кісі – өте білімді, әлемге танымал және әлемдік тәжірибесі бар дипломат. Осындай тұлғаның жанында зиялылар мен жастардың бірігіп, оған қолдау білдіруі көңіл қуантады.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін халықтың жалпы саясат пен саяси құрылымдарға деген қызығушылығы артты. Жұрттың көкейінде жаңа өзгерістер мен жаңа басшыға деген үміт пайда болды. Ендігі кезекте, халық осы үміттің ақталғанын қалайды. Мемлекет тарапынан берілген уәденің шын мәнінде орындалып, қоғамда айтарлықтай өзгерістер орын алғанын тілейді.

«Кедей ел болмайды, жұрт қамын жасай алмаған басшылық болады» деп осыдан екі жарым мың жыл бұрын Конфуций айтып кеткен. Қазақстан халқы билікке экономикалық жағдайды дұрыстайды деп сеніп отыр. Бірақ «таңертең ағаш егіп, кешке жемісін күтпе» деген де сөз бар. Айтылған тіркеске сүйене отырып, өз еліме сабырлы болсын деп айтқым келеді. Негізі, халқымыздың өзі де дәл қазір ешкімнен ештеңені талап етпей, үлкен үмітпен жаңа өзгерістерді күтуде.

Ал бұл үмітті ақтау үшін мемлекет тарапынан да жұмыс істеліп жатыр. Президентіміз де өз Үндеуінде, барлық өзгерістер халықтың саяси, мәдени, әлеуметтік өмірін жақсартуға бағытталғанын айтқан еді.

Осы орайда, бір адамның президенттікке екі мерзімнен артық сайлануының дұрыс еместігін халық та, билік те түсініп отыр. Сондықтан аталмыш мәселе референдумда қаралып өтеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік құрылымға ауысу жолы да қарастырылады.

Елімізде бірінші референдум 1995 жылы 30 тамызда Конституция қабылданған уақытта өтті. Ол кезде екі мыңға жуық өзгеріс орын алды. Ал екінші референдум биыл 5 маусымда өтпекші. Мұндай маңызды бастама жайдан-жай болайын деп отырған жоқ. Бұл – біздің қоғамның көп жылдардан бергі сұрауы. Халқымыздың еш уайым-қайғысыз бей-жай болмай, барлық саяси өзгерістерге белсенді қатысуы өте дұрыс. Қазақстан – жас мемлекет. Жалпы халықтың орта жасы 30-ды құрайды. Сондықтан жастар мен азаматтарымыздың белсенді болғаны жақсы. Соңғы 10–15 жылда қоғамдық құрылымдар өз міндетін тікелей атқарудан алыстап кетті. Мемлекетке шынайы пайдасын тигізе алатын басшылық қызметтерге оқыған мамандар мен жастар көтеріле алмады. Айтылған мәселелерді оңтайлы шешу үшін алдағы референдумды барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қоғамды іштей құртатын сыбайлас жемқорлық сынды ұғымдарды түбімен жоюға ұмтылуымыз қажет.

Сондай-ақ, соңғы жылдары оқыған-тоқыған азаматтарымыз шетелге көптеп көшуде. Осы мәселенің салдарымен күреспей, себебін анықтаған жөн. Шынайы сауаты бар мамандарға жол ашсақ, ол ертең мемлекетке оң әсер ететіні анық. Гегель де өз еңбектерінде осындай адамгершілігі мен білімі ұштасқан адамдардың мемлекет үшін маңызы туралы айтып өткен. Осы мәселелердің барлығын шешу үшін Конституцияны заман талабына сай өзгерту керек. Президентіміздің осы фактілерді ескеріп, Ата Заңымызға түбейгелі оң өзгерістер енгізуге ұмтылуы жақсы қадам болды.

Айта кеткен жөн, қазірдің өзінде референдумда халықтың қалауы ескеріліп жатыр. Кейбір адамдар бірінші Президенттің мәртебесі заңда бекітіліп қалуын ұсынды. Бірақ халық наразылығынан кейін аталмыш мәселе жұрт сұрауы бойынша шешілетін болды. Референдумның мән-маңызы да осында. Халықтың пікір-ұсынысы ескеріліп, Қазақстан өз болашағын анықтауы қажет.

Референдум арқылы орын алған Конституциялық өзгерістер Екінші Республикамыздың негізі болмақ. Халықтың Жаңа Қазақстанда күтетін басты талабы – әділдік. Мұндай қоғам теңдігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумдағы өзгерістер арқылы орнатпақшы. Біз Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз! Меніңше, қандай да бір мемлекеттік өзгеріс бейбіт жолмен орын алуы керек. Күш қолдану ешқандай шешімге алып келмейді. Референдум осындай мүмкіндікті бізге сыйлап тұр. Сондықтан халық болып, бұл бастаманы игі өзгерістер үшін пайдаланайық. Мен Жаңа Қазақстанның дұрыс бағыт алғанына сенемін!