Екі тағдыр, екі қаһарман

Екі тағдыр, екі қаһарман
almaty-akshamy.kz

Кореялық жетім қызды құтқарған түрік сарбазы туралы киноны көрген боларсыз? Күні кеше ақпараттық желілерде Түркиядағы жер сілкінісінен тараған мына бір сурет сол тарихи оқиғаны тағы еске түсіргендей. Кореялық құтқарушы түріктің кішкентай қызын үйінді астынан алып шықты. Ата-анасына табыс­тап, бөтелкенің қақпағымен аузына су тамызды. Осылайша кішкентай қыздың «жаңа өміріне» нәр берді. Түркияда дәл осыған ұқсас жан тебірентетін әсерлі оқиғалар екі аптаның ішінде бірнеше мәрте кездесіп жатыр...

Жетім қызды құтқарған түрік сарбазы туралы жүректі жылататын осы бір тарихи оқиғаны түрік режиссері Джон Гулкай 2017 жылы «Айла. Соғыс қызы» деген атпен кино тілінде сөйлетті. Сол жылы «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша Оскарға ұсынылса да, «кейбір тұстары талапқа сай емес» деген баға алды. Дегенмен, туынды барлық әлем тіліне аударылып, бірнеше мемлекеттің ки­нотеатрында көрсетілген еді. Ең бастысы – көрерменінен жоғары баға алды. Жалпы, тарихи оқиғаға негіздеп, мұн­шалықты шынайы жеткізу кез келген кино маманының қолынан келе бермейді. Кино саласында «кейіпкер емес, көрермен жылау керек» деген ұғым бар. Бар мәселе көрер­меннің көңілін босатып, қалай жылатуында болса керек. Әрбір сөзіне дейін ерекше мән берген ғажап туындыны көрсеңіз, сіздің де өкінбесіңіз анық...

Сүлейман Дилбирлиги мен Айла

Жалпы, фильмнің желісі тарихтан еш бұрмаланбаған. Қайта оқиға сол қалпында таспаланған. Оқиға қысқаша былай өрбиді: 1950 жылы Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасында соғыс басталып, Оңтүстік Кореяны қол­дауға Түркиядан мыңдаған сарбаз аттанады. Олардың арасында Сүлейман Дилбирлиги есімді аға сержант та бар еді. Соғыс оты тұтанған жерге келген түрік әскерлері Сол­түстік Корея әскері бомбалаған Оңтүстік Кореяның бір ауылына барлауға келеді. Ауылдың бірде-бір тұрғыны тірі қалмаған. Тек кішкентай Айла ғана аман қалады. Қайтыс болған ата-анасының қасында жылап отырған жерінен түрік әскерлері тауып алады.

60 жылдан кейінгі қауышу

Оқиғаның шарықтау шегі осы тұстан басталады. Билік қанша қарсы болса да, Сүлейман кореялық қызды жаны­нан қалдырмай, бірге ертіп жүрді. «Айла» есімін береді. Әке-шешеден бір сәтте айырылған кішкентай қыз қатты шошып, сөйлей алмай қалады. Ол сөйлемесе де, тәп-тәтті қылықтарымен Сүлейманды ғана емес, бүкіл түрік әс­керінің адамгершілігін оятып, баурап алған еді. Сүлей­манның қасынан бір елі қалмайтын Айланың тілі ең алғаш «baba» (түрік тілінен аударғанда «әке») деп шығады. Түрік әскері де оны еркелетіп «қызым» деп атап кетеді. Осылайша Айла түрік тілін үйреніп алады.

Сұм соғыс адамзатты, кіп-кішкентай Айланы да аяма­ды. Арада бір жыл өткенде Сүлейманға елге оралу жөнін­де бұйрық түседі. Айла қызды өзімен бірге Түркияға алып кеткісі келгенімен, Корея билігі қызды бермейді. Соғыс біткенше, қыздың жанында болғысы келді. Бірақ әскери адам берілген бұйрыққа қарсы шыға алмады. Тіпті, жол сөмкесінің ішіне Айланы салып, шекарадан жасырын алып өтпек те болады. Бұл ойы жүзеге аспайды. Ақыры қызды жетімдер үйіне тапсырып, елге жалғыз оралады. Айланы Түркияға алдыру үшін қос елдің билігіне бірнеше рет хат та жазғанымен, еш нәтиже болмады. Осылайша арада 60 жылдан кейін әке мен қыз қайта қауышады. Фильмнің ең әсерлі жері де – осы бір сәт.

Кореялық құтқарушы түріктің кішкентай қызын үйінді астынан алып шықты.

Дүние дөп-дөңгелек деген осы екен. Түркиядағы жер сілкінісі әлем елдерін бейжай қалдыра алмады. Бірінші күннен бастап-ақ әлем елдері құтқарушылары мен дәрі­герлерін жіберіп, гуманитарлық көмек көрсетті. Құтқару­шылардың өлім мен өмір арасындағы, үйінді астындағы жанталасқан жандарды құтқарған аса әсерлі суреттері бүкіл ақпарат кеңістігіне тарады. Кейбір суреттер тарих­тың қайталанатынын ұқтырып жатқандай. Осынау сәттер жақсылықтың уақытқа, жағдайға қарамайтынын дәлелдеп берді.

«Аlmaty-akshamу», №27 (6320) 23 ақпан, 2023 жыл