Егер әр адамның ниеті түзу, жүрегі ақ болса бәрі оң болады

Егер әр адамның ниеті түзу, жүрегі ақ болса бәрі оң болады top-fon.com

Біз неге бірден жаман жағымызды һәм кемшіліктерімізді айтуға құмармыз осы... Қит етсе болды, әлеуметтік желіге абайсызда сөзден сүрінген шенеунікті, қапелімде аяғын шалыс басқан пенде мен ойланбастан қателік жасаған жанның әрекетін әшкерелеп, елдің талқысына салып жатамыз. Неге? Адам бір бәлеге әдейі ұрынайын демейді. Десек те, ешкім мінсіз емес. Жағымды-жағымсыз қасиет бәрімізде бар. Бірақ... соның барлығын жөн-жосықсыз жалпақ жұртқа жария етудің қаншалықты қажеті бар?..


Иә, әлеуметтік желі бүгінде мықты ақпарат құра лына айна лды. Желдей жүйткіген хабарды айналасы 5–10 минуттың ішінде-ақ алу қазір түк емес. Соның әсерінен біз қарауға тұрмайтын, мағынасы таяз, дәнегі жоқ арзан ақпараттар легін еш кедергісіз қабылдай беретін болдық. Алайда, бұл сөзім әлеуметтік желіні пайдасыз дегенді білдірмейді. Ғаламтордың жақсы жақтары баршылық. Кез келген ақпаратты – аудио және видеожазбаның қолжетімділігі, ақпарат іздеу мен алмасу, қайда жүрсең де бейнеқоңырау арқылы сөйлесу секілді артықшылықтары жетерлік.



Әлеужеліде көңілге түйіп, көкейге тоқитын сүбелі дүниелер өте көп. Мәселен, бүгінде басқа желіге қосылмаса да, ват с апты пайда ланбайтын жан жоқ. Смартфондарға арналған мессенджер үлкеннің де, кішінің де телефонында бар. WhatsApp арқылы тәрбиелік мәні бар құнды дүниелерді көбірек оқитынымыз рас. Ал Facebook желісін ұлттық мүдде тұрғысынан жазылатын құнды дүниелерді бір деммен оқудың мүмкіндігі мол. Онда салмақты ой, саралы сөз айтатын танымал тұлғалар мен от ауызды, орақ тілді ақындардың, сөз қадірін білетін, тілі шұрайлы журналист қауымының жазбаларынан ләззат аласың.



Сондықтан Фейсбук ой-пікір алмасудың таптырмас құралы екені екібастан. Міне, бұл әлеуметтік желінің бізге рухани дем беретін пайдалы жақтары... Бірін айтып, біріне кетті демеңіз, енді мен бастапқы айтар ойыма оралайын...


Қазір қолы қалт етіп босай қалған адам әлеужеліні бір шолып шығады. Бұл көріністі барлық жерден байқауға болады. Қоғамдық көлік, асхана, аялдама, т.с.с. Жалпы, өз басым, өзгенің оғаш қылығын, біреудің артық әңгімесін тыңдап, көріп отыруға онша әуес емеспін. Сенсеңіз, әлеужелідегі қаптаған «ақылгөйлердің» бірде-бірінің вебинарына қатысып көрмеппін, құлқым жоқ. Ондайға алтын уақытымды арнағым да келмейді. Бірақ анда-санда ватсаппен бейнежазбалар келгенде көруге тура келді. Шынымды айт айын, бірінен-бірі өткен сорақы бейнежазбаларды қарап отырып, өзгенің емес, өз ұлтыңның мазаққа айналған қылықтарына ішім удай ашиды. Қазір бетің қызарып, жүзің ұялатын қаншама жайттар бар. Әсіресе, той-томалақтағы жастардың ерсі би қимылдарын, ұзын көйлек киіп алып, етегін алай бір, бұлай бір көтере билеген келіншектердің қылықтарын, арзан сөз, жеңіл күлкіге құрылған әзілдер мен асабалардың ұйымдастыруымен болатын ыңғайсыз ойын түрлерін көріп жағаңды ұстайсың. Сонда бұл бейнежазбалардан ел-жұрт қандай өнеге алып жатыр деймін де... Оны көрген жас бала кейін дәл сол ерсі биді «е-е-е, солай болады екен» деп қайталамасына кім кепіл?!


Иә, қазір барлығымыз әлеуметтік желімен тығыз байланыстамыз. Бірақ сол байланыс құралын өзгенің кемшілігін көрсетуге пайдаланатынымыз өкінішті. Мәселен, сіз өзіңіз жайында жағымсыз ақпарат жүктер ме едіңіз? Жоқ, әрине. Әсілінде, Сіз әлеуметтік желіге өзіңіздің бақытты екеніңізді көрсететін, әдемі бейнеңізді ғана саласыз. Таныс- тамырларыңызға өзіңіздің толыққанды өмір сүріп жатқаныңызды, шетел асып, жер көріп жүргеніңізді көрсеткіңіз келеді. Жұрттың Сізді жақсы жағыңыздан ғана танығанын қалайсыз. Жалпы, кез келген адам өзгенің көзіне бақытты көрінгісі келетіні қалыпты жағдай ғой... Алайда, біз сол әлеуметтік желінің қолдауынсыз-ақ бақытты бола аламыз.



Ащы болса да шындық. Арамызда өзін зор, өзгені қор санайтындар көп қазір. Әйтпесе, олар жаман жағымызды һәм кемшін тұстарымызды жариялауға асықпаған болар еді... Оның орнына біз әлеуметтік желіге көпке үлгі болар іс тындырып жүрген азаматтарды, әдемі әдебімен ел сүйсінткен келіндерді, талантымен таңқалдырған балақайларымыз жайында көбірек жарияласақ жөн болар еді. Өйткені, нағыз таланттар халық арасында жүр. Міне, солармен мақтанайық! Бұдан былай ағайынның жаман атын шығаратын бейнежазбаларға жол бермейік! Біз «жақыныңды жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін», «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді...» деген дана халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Ендеше, «Жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық!». Мүмкіндігінше жақсы сөз айтудан жалықпайық! Егер әр адамның ойы таза, ниеті түзу, жүрегі ақ болса бізде бәрі оң болады. Себебі, жақсы нәрсенің барлығы бізді жақсы ойға жетелейді. Ал жақсы ойдың шындыққа айналатынын сіз жақсы білесіз...



Тақырыпқа орай


ОЙЫҢЫЗ ТАЗА БОЛСА, ЖОЛЫҢЫЗ АШЫҚ!


Бір жолаушы шөл далада көп күн жүріп, кездейсоқ бір саялы ағашқа кездеседі. Ағаштың жанына барып, көлеңкесіне біраз отырады да, шөлін қандыруды ойлайды. Сол сәтте оның алдында су құйылған құмыра пайда болады. Жолаушы шошып қалады. Бірақ қатты шөл шыдатып тұра ма? Суды алып, ішеді. Шөлі қанған жолаушы «енді бір тамақтанып алсам ғой, шіркін...» деп ойлады. Сәлден соң алдына тамақ толы үстел пайда болады. Тамаққа тойып алған жолаушының демалғысы келеді. Демде алдында жататын орын пайда болады. Кенет оған «мұның бәрін кім істеп отыр, мүмкін бұл бір құбыжық шығар» деген ой келеді. Әп-сәтте алдында қорқынышты құбыжық тұрады. «Бұл мені өлтіруі мүмкін ғой» деп ойлады жолаушы, сол-ақ екен, құбыжық оны өлтіреді.


Ендеше, ойлаған ойымыз жақсы болсын. Бұл ойымыз таза болса, жолымыз ашық болады дегенді білдіреді!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:51

13:42

13:03

12:57

12:36

12:32

12:16

11:54

11:46

11:37

11:02

10:47

10:37

10:34

09:49

09:32

09:19

08:48

08:22

20:13

19:43

19:13

18:42

18:15

17:40