ЕАЭО-дағы тұтынушылардың құқығын қорғайтын іс-қимыл бағдарламасы бекітілді

ЕАЭО-дағы тұтынушылардың құқығын қорғайтын іс-қимыл бағдарламасы бекітілді
Сурет: Kapital.kz.

Құқықтық қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шаралар кешені көзделген.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-ға қатысушы бес елдің министрлері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл Бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Құжатты өткен жылдың көктемінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының жанынан құрылған және оған мүше мемлекеттердің мүдделі мемлекеттік органдары мен қоғамдық бірлестіктерінің және комиссияның өкілдері кірген арнайы жұмыс тобы дайындады», - делінген Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құжатта халықаралық құқық нормаларын ескере отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы келісілген саясаттың негізгі бағыттарын дамыту мен іске асыруға және мүше мемлекеттердің қоғамдық бірлестіктері мен тұтынушылар ұйымдарының қатысуымен трансшекаралық дауларды шешуді қоса алғанда, тұтынушыларды кешенді құқықтық қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шаралар кешені көзделген.

Бағдарламаның міндеттеріне тұтынушылардың хабардарлығын арттыруға және ұтымды және тұрақты тұтыну дағдыларын қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу де кіреді.