Этнографиялық екі таным

Әлемдегі ең  мақалы көп ха­лық – қазақ. Мұны әлем халық­тары­ның мақал-мәтелдерін зерттеген тәжірибе­мізден білеміз. Кез-келген нәрсенің саны көбейген сайын сапасы азаяды деген пәл­сапалық тұжырым бар. Біз бұған қарсы емеспіз. Ал осы тұжырымды қазақтың көп  санды мақал-мәтел­деріне қолдана алмай-ақ қойдық. Міне, соның жәйін баянда­мақпыз.

Қазақта «Күлсең – кәріге күл», «Еркек тоқты құрбандық» деген бір қарағанда жәй айтыла салған, байла­мы жадағай, еш ерекшелігі, асып бара жатқан даналығы жоқ сияқты екі мәтелді алып қара­йықшы.

Адамның жасы ұлғайған сайын у-шудан алыс, дырдудан аулақ тыныш ортаны қалайтыны, көбінесе ой құша­ғында жүруді  ұнатып тұратыны белгілі жәйт. Оған қоса ұмытшақтық, құлақ, көз кемістігінен кейбір тосын жағдайлар тап болған кезде жастардың ду күлкісін тудыратын кездер кәрі адам өмірінде аз болмайды. Мұндайда «Күлсең – кәріге күл» деген мақалы жоқ басқа ұлт өкілдерінің жастарға ренжіп, «Неменеге ыржыңдайсыңдар, біреудің бір жері ашылып қалып па!» деген ашулы сөздерін талай естідік.

Ал қазақ қариялары болса, күлген жастармен бірге күліп: «Е-е, шырақ­тарым, күлсең – кәріге күл» деген,  бастарыңа келсін, біздің жасымызды берсін», деп ризалығын білдіріп жатады. Міне, мақалдың жастар мен қарияларды жақындастыратын, бір-біріне түсіністік­пен  қарауға, тіпті өзара жақсы көруге жағдай тудыратын, кешегің мен бүгінің, жасың мен кәрің қарама-қайшылыққа түспесін дейтін даналығы. Күлкі – келе­меж емес, күлкі – жақсы көру, оң көз­бен қарау, қамқорлық көрсету деп тұрған жоқ па? Міне,  жәй айтыла салған сияқты, еш ерекшелігі, алып бара жатқан даналығы жоқ тәрізді көрінген мәтелдің кереметі керек болса. Біздің осының алдын­дағы мақаламызда (Шежіре – қазақ деген дегдар ұлттың асыл сүйегі. «Қазақ әдебиеті» №8 (3590) (2.03.2018) қазақ деген халықтың тарихы мол, өмір сүру салты ешкімге ұқсамайды, көңілі кең, жері бай, тілі ғажайып деуіміздің мәнісі осында.

Ал екінші мақал «Еркек тоқты құрбандық» құрбандық шалсаң, басқа қажетке жұмсасаң еркек тоқты сой, ұрғашысы өсімге жақсы деп тұрған тәрізді. Аса қарапайым көрінгенімен, бұл мұзтаудың титімдей болып көрініп тұр­ған жоғарғы бөлігі. Айрықша жара­тылған қазақтың бұл мәтелінің астыңғы жағы алып та, алапат. Тоқтыға балап қарапайым айтқанымен, кемеңгер ата-бабамыз оны ер-азаматқа қарата айтқан. Жәй азамат емес, елдің ертеңгі үмітін ақтар ерлеріне  сенгеннен осылай деген. Нық айтқан, қысқа қайырған. Сенімі зор болғандықтан солай айтқан.

Небір алақұйын орнаған заманда, қазақ  тағдыры тығырыққа тірелген бейуақ кездерде сол  «еркек тоқтылар» басын  құрбандыққа тіксе де алған бетінен қайтпады. Елдің ертеңі үшін шейіт болған арыс-боздақтар қай заманда да аз болмаған. Олар өзінің қайтпас ерлігімен  халықтың  тарихи санасына мәңгілік өшпейтін ізін қалдырды. Аз сөзбен айтсақ, ерлік қанға сіңді.

Еркіндікке, азаттыққа деген ұмтылы­сы сонау қадым замандардан бері ешқа­шан тоқтамаған арда қазақтың бір қарағанда жәй ғана айтыла салған тәрізді қарапайым мәтелінің тылсым түп-тамыры осында жатыр. Дәлел үшін  басқасын түгел жыйып қойып, кеше ғана өзіміз басы-қасында болған, жарасы әлі күнге дейін жан сыздатқан Желтоқсан көтерілісін айлайықшы.

Есіл ер Қайрат Рысқұлбеков зұлым күштің құтқармасын біле тұрып өлімге қасқая қарсы тұрды:

«Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Еркек тоқты құрбандық,

Атам десең атыңдар!»,

деген сөзі келешек ұрпаққа ұран боп қалды. Жас өмірі тығырыққа тіреліп,  тар қапаста жаны қысылғанда ата-баба рухының қолдауы шығар бұл сөзді аузына салған.

Осы  күні «Желтоқсан көтерілісін неге жыл сайын желтоқсан айы келгенде ғана еске аламыз?» деген сұрақ маза бермейді. Тіпті, Желтоқсан туралы басқа уақытта жазылған мақала да  желтоқ­санды күтіп жата беретін ауруға тап бол­дық. Алматыға «Қаһарман қала» атағын беруіміз керек деген  ұсынысымыз да  жабулы қазан жабулы күйінде қалды. («Жас Алаш» №1, (16083) 2016 ж.).

Бүкіл қызыл империя шегінде  қазақтың бірінші болып тәуелсіздік үшін жан алып, жан беріп, аяқ астынан асқан ұйымшылдықпен қарсы шығуы нені білдіреді? Ондай рухани күш елден ерек қазаққа қайдан келді? Бұл сұрақтардың жауабы біреу ғана.  Қысылтаяң кезде,  бетпе-бет айқаста, өлімді мүлде ұмытып рухтанып кететін қазақтың қанына сіңген, жанын баурап алатын ерлігі бола­тын бұл кереметті тудырған. Мұны бізден ешкім де тартып ала алмайды. Қазақпен бірге жасайтын рухани мұра. Бұл мұра Желтоқсанда өз тағылымын тағы да қайталап көрсетті. Өзгенің  кеуде басқыш  өктемдігін күл-талқан етті. Өзінің қазақ  қазақ болғалы бері қалыптасқан ерекше қасиеті әлі бойында екенін бүкіл әлемге ашық көрсетті. Мойындатты.

Ата-бабамыз «Еркек тоқты құрбан­дық» деп бекер айтпаған. Бұл жәй мәтел емес – этнографиялық терең таным. Сөз  басындағы мұзтаудың астыңғы жағы алып та алапат деуіміз осыдан.

Данияр ӘЛБОЗЫМ,

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы,

этнограф.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *