Дәрігердің еңбегін дәрігер ғана біледі

Дәрігердің еңбегін дәрігер ғана біледі
Сурет: Computerworld.hu

Дәрігер бір адамның өмірін сақтап қалса, басшы мыңдаған адамның өмірін сақтайды.

Қазақстанда медициналық менеджментті жеке мамандық ретінде оқыту жолға қойылып келе жатыр. Мамандардың атуынша, бұл – отандық медицинаның нәтижелі болуына өз үлесін қосары сөзсіз. Медицинадағы менеджментті жайында Медицина университетінің ғылыми және оқу қызметі жөніндегі проректоры, м.ғ.к Алмагүл Амангелдіқызы айтып берді деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. 

Өткен жылы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі проблеманы шешетін батыл менеджер керектігін айтқан еді. «Қазақстанды нақты жоспарға сәйкес,  бірыңғай орталықпен әрі стратегиялық және операциялық тұрғыдан басқарылатын тиімді корпорация ретінде қарастыратын уақыт жетті. Мемлекеттік басқарушылардың бәрі ауыл әкімінен бастап үкімет мүшесіне дейін өз жұмысын қайта қарап, нақты нәтижеге жетуі тиіс. Еліміздің экономикасын қайта қалыпқа келтіріп, жұмыссыздықты азайтып, халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауға әзір батыл менеджерлер қажет болып отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ал менеджер дегеніміз кім? Ағылшын тілінен аударғанда «manager», яғни басқарушы дегенді білдіреді. Жалдамалы басқарушы, өндірісті ұйымдастырушы маман. Ол негізінен кәсіпорындағы  немесе  фирмадағы барлық жұмысты ұйымдастыру, үйлестіру, басқару мәселелерімен айналысады. Қазіргі тілмен айтқанда менеджер дегеніміз – ұжымды ұйымдастыра білетін басшы. Әлбетте еліміздің келешегінің кемел болуы үшін бәсекеге қабілетті, білімді әрі іскер, креативті ойлай білетін адам әр салада керек-ақ. Сондай саланың бірі – медицина.  Бүгінде медицина бір орнында тұрмай, алға жылжуда. Тіпті, ХХI ғасырда медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Жасыратыны жоқ, елімізде бұл салада бүгінге дейін аз реформа жүргізілген жоқ. Соңғы кездері еліміздегі медициналық мекемелерді дәрігер емес, менеджер басқаруы керек деген мәселе көтеріліп жүр. Яғни, бас дәрігер менеджер болуы керек пе, әлде бас дәрігер болуы керек пе деген мәселе өзектілігін жойған емес. Бұл мәселе денсаулық сақтау саласы үшін риторикалық сұрақ күйінде қалып отыр. Кейбір сарапшылар кәсіби менеджер кез-келген ұйымды, соның ішінде медициналық ұйымда да өз міндеттерін жоғары деңгейде орындап, көрсете алады деген пікірді жақтайды. Енді бір топ маман медицинаны тек сол саланың білікті мамандары басқару керек деген шешімді ұйғарып отыр. 

Бұл ретте «Емхананы кім басқару тиіс, дәрігер ме, менеджер ме?» деген сауалымызды Қазақстандық Медицина университетінің ғылыми және оқу қызметі жөніндегі проректоры, м.ғ.к Алмагүл Амангелдіқызына қоюды жөн көрдік. 

«Дәрігер деген кең ұғым. Дәрігер – қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Дәрігердің еңбе гін дәрігер ғана біледі, түсінеді», – деп бастады сөзін Алмагүл Амангелдіқызы.

Айтуынша, әлемдік тәжірибеде, Ресейдегі және әлемдегі емханаларда басқарудың негізгі екі моделі бар. Бірінші жағдайда клиника басшысының медициналық білімі бар (бас дәрігер). Екінші жағдайда клиниканы медициналық білімі жоқ директор басқарады (экономикалық, басқарушылық, заңгерлік және т.б. білімі бар). Ескеретін жәйт, оның қарамағында барлық медициналық бөлімге жауапты медициналық орынбасары бар.

«Дәрігер бір адамның өмірін сақтап қалса, басшы мыңдаған адамның өмірін сақтайды. Себебі, сен бәріне жауаптысың. Кеңес Одағы кезінде көп басшылар сол аурухананы басқара жүріп, ота да жасай беретін. Ол кезде емхананы басқару тетігі көбіне хирургтерге берілетін» деп жалғастырды сөзін Алмагүл Амангелдіқызы.

«Өзі дәрігер әрі басшы науқасты отаға жан-жақты дайындайды. Егер бір қателік кетсе, соның ішінде қайнап жүргеннен кейін өзі  бәрін білед. Отадан шыққаннан кейін соны түзейді. Дәрігерлерге жағдай жасайды. Кейде басшыға мынау керек дейсің, бірақ ол өзі соның ішінде болмаған соң, иә деп уәде бергенмен, алмауы мүмкін. Ол алынбағаннан кейін хирург барымен істей береді. Ал басшының өзі жүрсе, өзі істегенен кейін, көзімен көрген соң, тіпті ең соңғы жіпті де алуға тырысады. Құрал-сайманның да түгел болуын қадағалайды. Басшы болу бір басқа, дәрігер-басшы болудың жөні бөлек», – дейді спикер.

Кәсіпқой менеджер кез-келген жағдайда кез-келген кәсіпті дөңгелетіп әкете алады деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, жұмыстың негізгі принциптері өзгермейді. Оның үстіне бір саладан екінші салаға ауысқан кезде «нарықты бақылап», әдебиеттерді ақтарып, мамандардан кеңес алып, сол ортаға толықтай енуге, қызметкерлермен дұрыс қарым-қатынас орнатуға әбден болады. Десе де, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген тәмсілге сүйенсек, бас менеджердің тым болмағанда медицина туралы түсінігі, парасат-пайымы болғаны құба-құп, әрине.

Алмагүл Амангелдіқызының  айтуынша, кез-келген талантты дәрігерден жақсы ұйымдастырушы шықпауы мүмкін. Әркімнің өзіне тән мінез-құлқы бар. Басшыда басқарушыға тән көшбасшылық қасиет, ұжымды ұйыстырып, ортақ іске жұмылдыра алатындай қабілет болуы керек. Бірақ елімізде ұйымдастыру ісінде қабілеті жоғары білікті дәрігер-басшылар  аз емес.

Медицинадағы менеджментті дамыту арқылы сапаны жақсарту, бұл саладағы қызмет түрлерін халыққа неғұрлым қолжетімді ету өте өзекті. Өйткені еліміздегі медициналық ұйымдардың бәрі бірдей жақсы жұмыс істей бермейді. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік ұйымдардағы жағдай сын көтермейді. Кезектің көптігі, жақсы мамандардың жетіспеушілігі секілді мәселелердің қордаланып қалғаны – басқару ресурстарының ақсап, жақсы менеджменттің жетіспей жатқанынан болар, сірә. Ол үшін бүгінгі замандағы ауруханалар мен емханаларды меңгеру үшін арнайы білім қажет. Яғни, менеджмент қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында елімізде медициналық менеджментті жеке мамандық ретінде оқыту жолға қойылып келе жатыр. Бұл – отандық медицинаның нәтижелі болуына өз үлесін қосары сөзсіз.