Достық және Алтынкөл шекаралық теміржол станцияларының басшылары жұмыстан босатылды

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚТЖ) баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев «KTZE-Horgos Gateway» құрғақ портының, «Нұр жолы» және «Алтынкөл» өткізу бекеттерінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сапар нәтижесінде Достық және Алтынкөл шекаралық теміржол станцияларының басшылары қызметтерінен босатылды», - делінген компанияның бейсенбіде таратқан хабарламасында.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесу өткізіліп, онда Қазақстан-Қытай шекарасында бизнес жүргізудің ашықтығын арттыру мәселелері талқыланғаны атап өтілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кедендік шекарада кешенді тексеру жүргізуді және тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырған болатын.