«Дос - Мұқасанның» деканы

«Дос - Мұқасанның» деканы
Сурет: ашық дереккөз

Өткен жылы елімізде «Дос-Мұқасан» көркем фильмі көрсетілді. Ол 1967-1974 жылдардағы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Автоматика және есептеу техникасы факультеті студенттерінің вокалдық-аспаптық ансамблінің құрылуына, қалыптасуына және оның музыкалық-тәрбиелік маңызын елге таратуға арналған туынды болатын. Онда Техникалық оқу орыны студенттерінің республикада үздік музыкалық ұжым ұйымдастырғаны, бүкілодақтық байқаулардың жеңімпазы атанып, Қазақстанның эстрададағы аңызға айналғаны көрсетілген.

Аталмыш туындыда факультет деканы Баян Рақышұлының есімі бірнеше рет аталады. Айтып өту керек, Баян Рақышев 1967-1974 жылдары Автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы, кейінде В. И. Ленин атындағы ҚазПТИ ректоры, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ құрметті ректоры болған. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Әйгілі әуесқой музыкалық ұжымның қалыптасуындағы оның рөлі туралы сұрастырдық. «Дос-Мұқасанның» деканы болған Баян Рақышев бізге әйгілі ансамбльді жан-жақты дайындаудағы тың деректермен бөлісті.

- 1966 жылдың соңында ҚазПТИ оқу жөніндегі проректор Ө.А.Жолдасбеков маған Автоматика және есептеу техникасы факультетін басқаруды ұсынды, - деп әңгімесін бастады  академик Баян Рақышұлы.

- Мен осыған дейін  Жезқазған тау-кен металлургия және Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаттары карьерлерінің жұмыс жүргізу қызметтерін тексеру жөніндегі екі комиссияның құрамына енген болатынмын.  Сондықтан, Қоңырат кенішінде жарылыс жұмыстарын қауіпсіз жүргізу бойынша Балқаш тау-кен металлургия комбинатымен екі шаруашылық келісімшарт жасасқанымды және базалық білімім автоматика және есептеу техника мамандары даярлауға сәйкес келмейтінін айтып, нақ бас тарттым. Сонда Өмірбек Арысланұлы өзінің де автоматика және есептеу машиналары бойынша маман емес екенін, бірақ біз өткізіп жүрген пәндер аталған мамандықтардың негізі, олардың білімі осыдан басталатынын айтты. «Сен теориялық механиканы, пәндердің өзаралық байланыстарын жақсы меңгердің, ұжымның тілін тауып, әріптестер арасында беделге ие болдың, енді біраз уақыт ұжымға да жұмыс істеуің керек»,-  деді. Мен сонда да келіспей, айтқанымнан қайтпадым. Алайда, екінші семестрдің басында институт партия комитеті өзінің отырысына шақырып, ректор Г.М. Ескіргеновтың көзінше партия комитеті менің кандидатурамды Автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы лауазымына ұсынатынын айтты. Бұл - басшылардың сөзін тыңдамағандарға қолданылатын белгілі әдіс. Сонымен, 1967 жылдың наурызынан бастап мен 1963 жылы ұйымдастырылған Автоматика және есептеу техникасы факультетінің төртінші деканы болып бекітілдім. Факультеттің бірінші деканы жоғарыда айтып өткен Ө.А. Жолдасбеков, содан кейін  П.А. Шамин, М.П. Зуб болған.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Автоматика және есептеу техникасы факультеті ол кезде республикадағы ең мәртебелі, ең беделді, ең қажетті оқу саласы болатын. Әлі мамандар дайындалып шықпағанмен, «Автоматика және телемеханика», «Машина-санау құралдары» мамандықтарын таңдаған студенттер мен олардың ата-аналары бұл мамандықтардың ең ғылымды қажет ететін, ең жоғары технологиялық, ең келешегі зор екенін білді. Сондықтан конкурс әрқашан жоғары болатын. Бір орынға 10 адамнан артық адам таласты. 1966 жылы 125 жоспарланған орынға 120 медаль иегері құжат тапсырды. Міне, «Дос-Мұқсанның» интелектуалды деңгейі қандай биік болғанын аңғартады. Мұндай іріктеу оқушылардың жалпы білімдік, зияткерлік-мәдени деңгейінің жоғары сапасын анықтады. Солай десе де, Баян Рақышұлы үлгерімі жоғарғы студенттерді ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту жұмыстарына, спортқа және әуесқой көркемөнерпаздыққа көбірек тартты. «Дос-Мұқсанның» алғашқы қадамы туралы былай деп еске түсіреді.

- Жиналыстардың бірінде комсомол бюросының хатшысы Қ. Санбаев Қазақ политехникалық институтының әуесқой көркемөнерпаздар байқауына II курс студенттерінің квартетін дайындау нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, бастауыш музыкалық білімі бар Досым Сүлеев өзінің курстастары Мұрат Құсайынов, Мейірбек Молдабеков, Шәріп Омаровқа нота грамотасының негіздерін үйреткен. Олар гитарада ойнауды игерді, қазақтың ең танымал халық әндерін бірге шырқайды. Біз 1967 жылғы институт фестивалінде лайықты өнер көрсетуге дайынбыз. Қатысқандардың барлығы Қ. Санбаевтың ұсынысын қолдап, алдағы байқауда табыс тіледі. Айта кету керек, факультет музыканттарының осы тобының ұйымдастырушысы және шабыттандырушысы - Қамит. Ол - өзінің альма-матеріне берілген адал, жоғары интеллектуалды, сүйкімді, қарапайым жігіт. Вокалдық-аспаптық ансамбльдің одан әрі қалыптасуы мен дамуына байланысты барлық мәселелерді менімен келісіп, мен арқылы шешіп отырды. Сондықтан студенттер ансамбльдің қалыптасуындағы деканның орны мен рөлі туралы толық біле бермеген және сол кезде оған үлкен көңіл аудармаған.

Қаржылық мәселе

Сонымен 1967 жылы ҚазПТИ көркемөнерпаздар байқауында беделді қазылар алқасы «автоматчиктер» ансамбльіне бірінші орынды тапсырды. Бұл орындаушылардың беделін күрт көтерді, оларды әртүрлі клубтарда көптеген кештерге шақыра бастады. Жаңа заманауи музыкалық аспаптар қажеттілігі туды. Оларды сатып алуға қажетті қаражатты жинау үшін Қ. Санбаевтың ұсынысымен Деканның  нұсқауы  бойынша 1967 жылдың көктемінде Алматы қаласының көкөніс қоймаларында картоп өңдеуге арналған факультет студенттерінің комсомолдық сенбілігі ұйымдастырылды. Түскен ақшаға Қамиттің курстасы Саша Ривлин Мәскеудегі таныстары арқылы қажетті музыкалық аспаптар мен күшейткіш аппаратураны (электронды гитара, саксофон және ұрмалы аспаптар) тауып, бір апта ішінде оны Алматыға жеткізді.

Осы жаңа аспаптармен вокалдық-аспаптық ансамбль мүшелері 1967 жылдың жазында Қазақстанның белгілі студенттік құрылыс қозғалысының белсендісі, А және ЕТ факультеті комсомол ұйымының хатшысы Қ. Санбаевтың жетекшілігімен Павлодар облысының «Баянауыл» совхозында құрылыс жұмысына кірісті. Әрине, олардың жұмыс күні ән және бимен аяқталып отырды. Олар басқа облыстар мен елдерден келген студенттері алдында өз өнерлерін көрсетті. Тыңдаушылар «автоматчик» студенттердің ұлттық, эмоционалды қойылымдарына таңғалды, қолдау білдірді. «Автоматиктер» құрылыс отрядтарының жауынгерлерінің кумиріне айналды. Ансамблді «Автоматчиктер» деп атауы да бекер емес. Ол кезде «Дос-Мұқасан» атауы қойылмаған болатын. Осы халықаралық құрылыс жасағында жұмыс істеген Венгриядан келген студенттер ерекше таңқалды. Олар ансамбль ұжымын «Дос-Мұқасан» деп атауды ұсынды. Венгрия студенттер құрылыс отрядының (ҚСО) командирі Яноги Карпати бұл атауды қалай ойлап таптыңыз деген сұраққа қарапайым жауап берді, Бұл атау орындаушылардың есімдерінің алғашқы буындарынан шыққан: Дос-Досымнан, Мұ-Мұраттан, Қа-Қамиттен, Сан-Санядан (Александр). Топтың құрамы бірнеше рет өзгеріп, ансамбль 1974 жылы кәсіби мәртебеге ие болғанымен, бұл атау сақталды. Бұл сапарда вокалдық-аспаптық ансамбль ұжымы толығымен аяғына тұрды. Оның музыкалық  жетекшісі Досым Сүлеев ансамблдің көшбасшысы болып мойындалды.

Қазақ политехникалық институтының «Дос-Мұқасан» ансамблінің тез арада осындай деңгейге көтерілуіне негізгі себебі - музыкалық жанрдың таңдалған бағыты. Ол заманауи электронды аспаптардың сүйемелдеуімен қазақтың халық және заманауи әндерін өңдеу және орындау. Былайша айтқанда, қазақтың алтын қорын жастардың тілегіне сай жарқыратып көрсету. Бұған сүбелі үлес қосқандар ансамбльдің дербес ақыны – ҚазПТИ «Бәйшешек» әдеби үйірмесінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі «Той жыры» әнінің авторы, факультет студенті Ұ.Сыдықов, ансамбльдің иллюзионисі, тау-кен факультетінің студенті Н.Буктуков, «Алатау» сияқты халық әндерінің шебер орындаушысы, профессор У. Мақанов ерекше рөл атқарды.

1968-69 жылдары ансамбль бүкіл елге танымал бола бастады, Қазақстанның музыкалық эстрадалық өміріндегі жаңа құбылыс ретінде қабылданды. Республиканың ірі қалалары мен облыстарына, Кеңес Одағының басқа республикаларына гастрольдер саны күрт көбейді. Осыған байланысты ансамбльді батыста кең таралған электронды музыкалық аспаптардың жаңа буынымен жаңарту қажеттілігі туындайды.

25 мың АҚШ доллары қажет

Осыған байланысты, 1970 жылдың басында ҚазПТИ комсомол комитетінің хатшысы болған Қамит Санбаев кейіпкерімізге келіп, бесінші курс студенттерінің жаңа құралдарды сатып алу туралы өтінішін жеткізді, оған 25 мың АҚШ доллары қажет еді. Ол кезде бұл үлкен сома және жоғары білім министрлігінің бюджеті арқылы шешілмейтін жағдай. Шешімнің жалғыз жолы -  өнеркәсіптік министрліктер арқылы демеушілік қолдау болатын.

- Мен осы өтінішпен Қазақстанның түсті металлургия министрінің өзіме таныс орынбасарына бардым. Ол ірі комбинаттардың бірінің директоры министрге тиісті өтінішпен жүгінуге кеңес берді және ол істің шешімін бақылауды өз мойнына алатынын білдірді. Біз парткомның бұрынғы хатшысы Тельман Ерғалиұлы Жақыпов екеуміз Текелі қорғасын-мырыш комбинатының директоры Ибрагим Еделбаевпен кездесу үшін арнайы Текелі қаласына бардық. Ибрагим Баймұратұлы біздің институттың түлегі, әрі бізбен іскерлік байланыста болатын. Оған «Дос-Мұқасан» ансамблі және электронды-музыкалық аспаптарды сатып алуға 25 мың АҚШ доллары бөлінгені туралы баяндадық. Түсті металлургия министрлігімен ұзақ келіссөздерден кейін ол демеушілік көмекке рұқсат алды. Бір жылдың ішінде аспаптар бізге жетті,-деп ағынан жарылды Баян Рақышұлы.

«Дос-Мұқасан» ансамблі ұжымының өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысын сол кездегі ҚазПТИ ректоры А.К. Омаров, партком хатшылары Д. К. Кішібеков, Т. М. Әлжанов және ҚазКСР Жоғары және орта білім министрлігінің басшылары үнемі қолдап отырды. Бұл іске Қазақ ұлттық музыка өнерінің білгірі, "Дос-Мұқасандықтардың" нағыз жанкүйері доцент Т.О. Салибаев өз үлесін қосты.

Түлектерім - тірегім

1967-74 жылдардағы Автоматика және есептеу техникасы факультеті түлектерінің кәсіби қызметтегі жетістіктері де айтарлықтай. 40-қа жуық түлек физика-математика, техника және экономика ғылымдарының докторы болды.

Осы жылдары факультет өзінің даму шыңына жетті. Бәлкім, бұл уақыт кезеңі  Баян Рақышевтың 1967-1974 жылдардағы А және ЕТ факультетін басқару мерзімімен сәйкес келгені белгілі. Солай десек де, кейіпкеріміз осындай жоғары білікті мамандардың плеядасын дайындауда ғалым-педагогтар П.А.Шамин, Л. А. Бричкин, Э. А. Иванов, Ю. И. Малахов, И.Н. Малахова, Н. Я. Заславская, И.И. Уваров, Ю. П. Груздов, В.П. Карякин, А.П. Куцый, М. М. Телемтаев, Н. К. Қожаспаев, А. У. Өміряев, И. Т. Тугамбаев, Л. В. Винокуров, С. Т. Тынымбаев, Т. К. Бектібаев, Б. Д. Хисаров, А. А. Әшімов, Д. К. Кшибеков, А. Е. Ержанов, Л. В. Гульницкий, А. А. Акижанов, У. К. Қалижанов, Б. Р. Ракишев, Е. А.Тойғанбаев секілді ұлағат иелерінің үлестері айтарлықтай деп ойлайды.

Дарын СЕЙІТОВ, журналист