Домбыра челленджіне миллионға жуық оқушы қатысты

Домбыра челленджіне миллионға жуық оқушы қатысты
Сурет: Ашық дереккөз

Домбыра — мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі

Еліміздің жеті мың білім беру ұйымында бір мезгілде «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» күйлері орындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Министрдің айтуынша, музыка, әсіресе домбыраның әуезді үні барлық ұлттарды жалпыадами құндылықтар - толеранттылық,  төзімділік, бірлікке үндеп, бір арнаға тоғыстырады. Және өскелең ұрпақтың өз тарихы мен өнерін үйренуге деген ұмтылысы мен қызығушылығын оятады.

«Домбыра — мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі, ұлттық құндылығымыз. Біздің оқушыларымыз, балабақшаның кішкентай тәрбиеленушілері, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға белсенділік танытқаны қуантады. Бүгін домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Оқушылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраны сақтап, одан әрі жалғастырады деп сенемін»,— деді Ғани Бейсембаев.

Челлендж соңында Оқу-ағарту  министрі елордадағы Д. Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге күй орындады. «Наурыз мейрамы» мерекелік эстафетасына миллионға жуық қазақстандық оқушы қатысты. Ең кішкентайы - Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы «Ақбота» балабақшасының тәрбиеленушілері.

Естеріңізге салсақ, биыл «Наурыз мейрамы» еліміздің барлық мектептерінде 10-17 наурыз аралығында өтеді. Бұл күндері жалпы республикалық «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» қайырымдылық шарасы, ұлттық тағамдар фестивалі мен ұлттық ойындар мерекесі болады. 

«Наурыз – ұлыстың ұлы күні» суреттер байқауы, «Отбасы – бақыт мекені» атты отбасылық жарыс ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде #Наурызмейрамы #Наурызкүйі хэштегімен флешмоб, челлендждер жүргізіледі.