Доһадан қоржын бос қайтты

Дзюдо

 

11–13 қаңтар аралығында Катар астанасы Доһада дзюдодан әлемдік Masters жарысы өтті. Жаңа маусымның алғашқы додасына әлемнің 69 елінен 400-ге жуық татами шебері қатысты. Бұл додаға Қазақстан құрамасы да бақ сынады. Алайда, ұлттық құрама сапынан қатысқан 7 дзюдошы да жүлдеге іліне алмай, жылды сәтсіз бастады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Доһа додасында отандастарымыз олимпиялық рейтинге ұпай еншілеуді межелеген еді. Алайда, Жансай Смағұлов қана үздік бестікке ілініп, рейтинг ұпайына қол жеткізді.

Татамиге бір жылдан бері шықпаған Елдос Сметов (60 келі) болгариялық Янислав Герчевке жол беріп, жарысты жалғастыра алмады. Осы салмақта Ғұсман Қырғызбаев жарысты сәтті бастап, әуелі түрік Михраж Аққұсты қосымша уақытта жеңді. Бірақ ол үшінші айналымнан аса алған жоқ

Ерлан Серікжанов (66 келі) бірінші белдесуде ресейлік Абдулла Әбужәлиловті иппон әдісімен таза жеңді. Елдос Жұмақанов та солтүстіктегі көршіміздің өкілін жеңді: Шәміл Якупов Елдостан таза ұтылды. Серікжанов бұдан кейін оңтүстіккореялық Ким Лимхуанды таза жеңгенмен, ширек финалда Херлен Ганболдқа қосымша уақытта тізе бүкті. Жұбаныш белдесуінде ол грузин Важа Мергвелашвилиге иппон әдісімен жол берді. Әрине, VII орын қоржынға ұпай қоса алмайтыны өкінішті. Дегенмен, Серікжановтың жарыс жолында қабырғасын жарақаттап алғанын айтып өткеніміз жөн.

Жансай Смағұлов әуелі Гийом Шеннен (Франция) басым түсті. Одан кейін Артур Мергелидонды қосымша уақытта иппон әдісіне түсірді. Ширек финалда косовалық Акил Жакова белдесу аяқталуға 9 секунд қалғанда отандасымыздан таза ұтылды. Бірақ Смағұлов жартылай финалда тежелді. Ан Чангрим (Оңтүстік Корея) отандасымызды иппон әдісімен қапы қалдырды. Қола жүлде үшін белдесу тағдырын соңғы 5 секунд шешті. Смағұлов германиялық Игорь Вандткеден жеңіліп, V орынға тұрақтады.

Дидар Хамза (81келі) өзбек Шарафудин Балтабаевқа қосымша уақытта вазари ұпайын беріп, жарыстан шығып қалды.

Ислам Бозбаев (90 келі) алғашқы айналымда АҚШ өкілі Калтон Брауннан жеңіліп қалды. Қарсыластар белдесудің негізгі уақытында тең түскенімен, қосымша уақытта отандасымыз үшінші ескерту қағазын алып, қарсыласына жол берді.

Халықаралық дзюдо федерациясы Доһадағы Masters турнирінен соң әлемдік рейтингті жаңартты.  60 келі салмақта Елдос Сметов бесінші орыннан төмендеген жоқ. Ал Ғұсман Қырғызбаев 10-орында.  66 келіде Ерлан Серікжанов – 11, Елдос Жұмақанов 25 сатыда тұр.  73 келіде Жансай Смағұлов 2930 ұпаймен 19-орынға тұрақтады.  81 келідегі Дидар Хамза – 28, 90 келіге дейінгі салмақтағы Ислам Бозбаев 20-орында.

 

Естен САБАЛАҚ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *