ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН УЛАП ЖАТЫР
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында «Қарқынды дамыған Қазақстан қоғамының ұйытқысы, мемлекет өзегі – жан-жақты рухани жаңғыру болмай, толыққанды өркениет сатысына көтерілу мүмкін еместігі» атап көрсетілді.
Адам баласының түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұратынын еске алсақ, олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Әр ұлттың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы – қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың озық үлгілері болып табылады. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері аңсаған Тәуелсіздігімізге қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды жаңғыртудың сара жолы ашылды. Асыл мұраттарымызды қалың бұқараға ұғынықты жеткізу үшін қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттау міндеті қойылды. Өкінішке қарай, соңғы кездері халқымызды исламнан аластатуға тырысушылық әрекеттері белең алып жүр. Осы орайда дін мен дәстүр сабақтастығын, салт-сана мен діни нанымның бір арнада тоғысатындығын дәлел-дәйектер арқылы анықтап алудың маңызы зор.
Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өкілдерімен кездесуінде «Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл – біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді» деп атап көрсетті. Елбасымыз хиджаптың да ұлттық киім үлгісіне жатпайтынын бұрын да талай рет айтқан болатын. Біздің халқымыз ұстанып отырған ханафи мазхабы діл мен дәстүрдің негізі болып табылады.
Қазіргі кезде қауқитып сақал қойған, шалбарының балағын шорт кескен жастарға күдікпен қарайтын болдық. Жастардың имандылыққа бет бұрғаны жөн де шығар, бірақ, біздің халқымызда жастар аталарымен, әкелерімен жағаласып сақал қоймаған еді. Еліміздің дін басшылары соңғы кезде исламның вахабизм мен салафизм ағымдарының ықпалы күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Елбасымыз айтқандай, діни сауатсыздықтың салдары рухани сауатсыздыққа алып келді. Дінге бет бұрдық екен деп, өзіміздің қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан алшақтау – мақсатсыз, қараңғы түнекке бет алу болып табылады.
Ұлттық табиғатымызбен сабақтас асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды түгендеу, тамыры терең дәстүрлерімізді құрметтеу – қазақтың толыққанды ұлтқа, сол арқылы Алаштың іргелі еліне айналуына жол ашады. Қасиетті Ораза айында ислам дінінің мақсаттары мен мұраттарын бұқараға кеңінен насихаттау үшін халқымыздың ана тілі мен өткен тарихын, төл мәдениетін жетік меңгеріп, түсіндіру жұмыстарын жүйелі де мақсатты жүргізу міндеті қойылады.