Динара АЛМАҒАНБЕТОВА,  дұрыс тамақтану жөніндегі кеңесші маман: Ағзаға күн сайын 114 микроэлемент қажет

 

 Cоңғы кезде алматылықтар арасында дұрыс тамақтану, глютенсіз не етсіз тамақтану «сәнге» айнала бастағандай. Әйтеуір, қандай да бір тамақтың түрінен бас тартып жүрген қазақты көресің. «Бір ай ет жеуіме болмайды», «он күннен бері тек қана су ішіп жүрмін», «ұн тамақтар жемеймін», – дейді. Тәтті су, газды су, тәтті бәліштерді жеуден тыйылып жүрмін десе түсінесің. Бірақ ет жеп, қымыз ішіп өскен қазақтың баласы неліктен бүгін еттен бас тартты? Көкейіміздегі көп сауалға дұрыс тамақтану жөніндегі кеңесші маман Динара АЛМАҒАНБЕТОВА жауап берген еді.

 

– Динара, дұрыс тамақтану дегенді қазір әрбір екінші алматылықтан еститін болдық. Бұл тренд пе, әлде қалалықтардың денсаулығы мәз емес дегеннің белгісі ме?

– Бұл – адамдардың өз денсаулығына мән бере бастағанының көрінісі. Әсіресе, карантин кезінде адамдар қалай тамақтанып жүргеніне мән бере бастады. Бірақ кейбір пайда қуған адамдар өзінде артық салмақ бола тұра, дұрыс тамақтану жайлы марафон өткізіп жүр. Дұрыс тамақтанудың трендте болуы денсаулығымыздың нашарлығын айғақтайды. Балалар арасындағы семіздік бойынша Қазақстан әлем бойынша алдыңғы орындарға шықты. Ересектердің арасындағы семіздік үнемі болған. Ал дабыл қағарлық жағдай қазір балаларға байланысты болып тұр. Олардың арасында тамаққа байланысты аллергия көп. Себебі, біздің ішіп жүрген тамақтарымызда құнар жоқ. Қолымызға не түседі, алдымызға не әкеледі, соны жей береміз. Денсаулыққа қатысты мәселенің 80%-ы ішкен тамаққа байланысты. Балаларда физикалық белсенділік мүлде төмен. Оның үстіне, бәрі онлайнда гаджетпен отыр. Байқасаңыз, қазір балалар фастфудты жиі жейтін болған. Ол тікелей семіздікке әкеледі.

Бұл жердегі мәселе – біз қанша жерден дұрыс тамақтанған күннің өзінде, ағзамызға қажет қоректік затты толық ала алмайтындығымызда болып тұр. Майлы, қуырылған тамақ жегеннен гөрі, әрине, дұрыс тамақтану анағұрлым жақсы. Бірақ бір ғана дұрыс тамақтанумен біз зат алмасуды қалпына келтіре алмаймыз. Неге? Себебі, күн сайын біздің ағзамызға 114 микроэлемент қажет. Бұл – ғылыми дәлелденген факті. Біз түнде ұйықтаған уақытта біздің клеткаларымыз ұйықтамайды. Олар түнімен белсенді жұмыс жасап, ағзада регенерация жасайды. Таңертең біз ұйқыдан оянғанда біздің клеткаларымыздың қарны ашып, тамақ сұрайды, шөлдеп, су ішкісі келеді. Ал біз таңертең ояна салысымен, ақ нан мен сары май, шұжық, қуырылған жұмыртқа, түннен қалған тамақты жылытып жейміз. Оны сүт қосылған шәймен ішеміз. Мұндай тамақтардан біздің ағзамыз тұншығып, қысылады. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Майға қуырылған картоп, шұжық не бөлке наннан ағзамыз бағанағы 114 микроэлементті ала ала ма? Әрине, ала алмайды, оларда ондай құнар жоқ. Біздегі әрбір клеткаға су мен құнарлы тамақ қажет. Сол кезде біздің ағзамыз сағат сияқты жұмыс істейді де, артық салмақ болмайды. Егер адамда артық салмақ болса, онда зат алмасу процесі бұзылған. Денсаулықты бір ғана дұрыс тамақтану арқылы түзей алмаймыз. Себебі, оған жан-жақты қажет қорегін беруіміз керек. Ол дегеніміз минералдар мен дәрумендер, клетчатка, белок, ағзаға сіңімді дұрыс майлар мен көмірсулар. Тек қана ет жеу немесе оны мүлде жемей қою да дұрыс емес. Біз мүлдем еттен бас тарта алмаймыз, тек қана көк шөп жеу деген біздің қазақтарға келмейді. Өйткені, тістегі рефлекс біздің тамақты ұзақ шайнап жеуімізге арналған. Неліктен бүгін екінің бірінде асқазан ауруы бар? Біз тамақты бір-екі рет шала-шалпы шайнап жұта береміз. Дұрысы, ауызға түскен тамақты 30-40 рет әбден шайнап жеу. Яғни ол ішке қорытылуға дайын күйінде түсуі тиіс. Өйткені, тамақты неғұрлым ұзақ шайнаған сайын ауыздан соғұрлым көп сөл бөлініп, ол астың жеңіл қорытылуына жағдай жасайды. Бірақ қазір адамдар осы бір қарапайым ереженің өзін ұстанбайды.

– Дұрыс тамақтану ережесінің шеңберіне салсақ, біздің күнделікті жеп-ішіп жүрген тағамдарымыз қаншалықты құнарлы, пайдалы? Тамақтану саласында біз, қазақтар, нені білмей жүрміз?

– Бізде дұрыс тамақтану әдеті қалыптаспаған, мүлде жоқ. Біздің тұтынып жүрген жоғарғы сортты ұн дегеніміз – крахмал. Бидай дәніндегі бүкіл пайдалы затты алып, «тазалап» тастаған. Ағзаға пайдалы бір түйір элемент жоқ. Ал біздің ағзамызға ондағы жасұнық қажет. Қамырды илеген сәтте былжырап, қолға жабысатыны қыз-келіншектер үшін жақсы таныс. Ол енді біздің асқазанға түскенде ішек-қарнымызды солай бір-біріне жабыстырып тастайды да, ағзада шлак, токсиндер көбейеді. Біздің ішкі ағзаларда түк болады. Біз ақ нан өнімдерін жиі жейтін болсақ, ішке түскен соң, олар сол түкті бітеп тастайды. Ұн, қант, газды сусындар мен макарон, тазартылған ақ күріште ешбір қоректік зат жоқ. Крахмал болғандықтан ол ағзадағы суды өзіне тартып алады. Сондықтан біз өзімізді ауыр сезінеміз. Осы айтып өткен бес тамақ түрі нағыз «қоқыс» тамақтар. Олардан біздің ағзамызға еш қоректік зат түспейді. Бірақ өкінішке қарай, қазақтардың 90 пайызының дастарханында дәл осы құнары жоқ пайдасыз тамақтар тұр. Бауырсақты бәріміз сүйіп жейміз. Ендеше, оны екінші сортты ұнмен пісіріңіз. Баяғыда ата-бабамыз сол қара бидайдың нанын жеп жаман болған жоқ. Олар тазартылмаған ұнда құнар барын білген. Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны көптігімен қоймай, қазір жасарып кетті. Қазір бұл сусамырмен балалар да ауыратын болған. Негізінде, бала міндетті түрде ыстық тамақ ішу керек. Егер ол таңертең тұра салып, тәтті жеп, тәтті су ішсе, болды, оған тамақ ішкізе алмайсыз. Өйткені, көмірсу қайта-қайта көмірсуды тартып тұрады.

Кешке жұмыстан келе салып тез-тез макарон қуыра салу, әрине, оңай. Бірақ біз бір күн ғана жемейміз ғой бұл тамақтарды. Жылдар бойы ағзаға түсіп, жиналып жатыр. Содан 40-50-ден асқан соң елдің бәрінің басы ауырып, балтыры сыздауы – солай болу керек қалыпты жағдай деп ойлаймыз. Олай емес. Адамның әу бастан жаратылған табиғатында оған кәрілік жеткен кезде ғана оны аурулар мазалауы керек болған.

– Дұрыс тамақтануды неден бастағанымыз жөн?

– «Таңғы асты тастама» деп тегін айтылмаған. Қазір дұрыс теңгерімді таңғы ас ішуге дағдылану керек. Ата-бабамыз түнгі он екіде ет жеген деп, түнде ет жеу бүгінгі қазақтарға жақпайды. Олардың кезіндегі еттің құнары мен малдың өрісте жайылып жүріп жеген шөбі бөлек болды. Яғни табиғи таза болатын. Бүгін біздің қолмен семіртіп жеген малдың еті бөлек. Атам қазақ таң атысымен өріске малын жіберіп, күні бойы қимыл-қозғалыста далада жүрген. Ал бүгінгі қазақтар сегіз сағат жұмыс істеп, компьютердің алдында отырмыз. Бүгінгі адамдар түнде кеш жатып, таңертең кеш тұрады да, таңғы ас ішпей жұмысқа барады. Себебі, үлгермейді, уақыт жоқ. Ал таңғы ас ішпейтін адам 5-6 келі салмақ қосып алатыны дәлелденген. Яғни біздің ішкі ағзамыздың өзінің биологиялық сағаты бар. Ол сол режиммен жұмыс істеп, соған бағынады.

Адам ұзақ уақыт тамақ ішпеген кезде метаболизм баяулайды. Біз тамақ ішуге уақытымыз болмай не тамақ жасауға үлгермей, аш қалсақ, ағзаға ол үлкен стресс. Бес сағаттан асып кетсе, ағзаға ол зиян. Әрбір үш сағат сайын адам алма не жаңғақ жеу керек. Таңғы ас, түскі және кешкі ас ортасында екі дәм тату болса, ол тіптен жақсы. Бірақ ерекше бір ескеретіні, артық салмағы бар адам мен қалыпты салмақтағы адамның дұрыс тамақтануы бірдей бола алмайды. Әр адамға жеке рецепт жазылады. Неге көп адам таңғы ас іше алмайды? Өйткені, көпшілік адам кешкі сағат сегізден кейін тойып тамақ ішеді. Асқазанда ол түнімен сіңбегендіктен, таңертең тәбет тартпайды. Бірақ клеткаларға бәрібір құнарлы таңғы ас керек. Асқазан жарасы, қыжыл дегендер міне осыдан пайда болады. Бұл жерде судың да рөлі өте маңызды. Бірақ күніне екі литр су ішу керек дегенді естіп алғандар су іше береді. Егер ол хлорланған, өлі су болса, қанша литр ішсеңіз де ағзаға су қонбайды. Сондықтан суды дұрыстап іше білу де маңызды. Бұл жерде физикалық белсенділік те айтарлықтай рөл ойнайды. Тамақ ішуде баланс сақтауымыз керек. Яғни бүгінгі адамдарға алдымен дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастырып алу керек. Ол үшін әр адам дұрыс тамақтану саласын зерттейтін болса, біраз дүниенің мәнін түсінер еді.

– Пайдалы әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *