Digital Almaty Awards 2023 форумының жеңімпаздары марапатталды

Digital Almaty Awards 2023 форумының жеңімпаздары марапатталды
Сурет: Ашық дереккөз

Әсем Нұрғалиева woman in Tech номинациясында үздік атанды.

«Digital Almaty: жаңа шындықтағы цифрлық әріптестік» халықаралық форумы аясында цифрландыру саласында үздік жетістіктерге жеткен жоба иелері марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ЕАЭО-ға қатысушы елдердің үкімет басшыларының жалпы отырысы аясында өтті.

Форум барысында EdTech номинациясының жеңімпазы Daryn проектline жобасы болды. Жеңімпазға марапатты Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян тапсырды.

MedTech номинациясы бойынша cerebra жобасы үздік танылды. Жобаны Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко марапаттады.

FinTech номинациясының жеңімпазы Solva болды. Жеңімпазды Қырғызстан Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров марапаттады.

Жылдың үздік CDO (Chief Digital Officer) номинациясы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановқа берілді. Марапатты Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин тапсырды.

Venture capitalist номинациясының жеңімпазы Most Ventures жобасы болды. Жеңімпазға сыйлықты Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович табыстады.

E-Commerce номинациясы бойынша Flip.kz үздік болды. Жеңімпазды Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов марапаттады.

Әсем Нұрғалиева woman in Tech номинациясында үздік атанды. Жеңімпазды Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов марапаттады.

Форумды ұйымдастырушылардың айтуынша, Digital Almaty Awards сыйлығы Digital Almaty халықаралы цифрлық форумы аясында жыл сайын, дәстүрлі түрде берілетін марапатқа айналды. Сыйлық алғаш рет 2020 жылы «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумында табыс етілді.

Онда 10 цифрлық жоба ұсынылды, оның 8-і «it-чемпиондар» санатындағы Қазақстанның үздік IT-компанияларының өнімдері және 2 жоба Astana Hub брендімен ұсынылған стартаптар болып табылады.