Депутаттыққа кандидаттардан 166 талап-арыз түскен

Депутаттыққа кандидаттардан 166 талап-арыз түскен
Сурет: Gov.kz

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов мәлімдеді.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар сотқа 166 талап-арыз берген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Смағұлов сайлау процесінде туындаған даулар сот тәртібі арқылы да шешілгенін атап өтті.

"Соттарға мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардан барлығы 166 талап-арыз түскен. Оның ішінде Жоғарғы соттың қарауына – 55, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға – 104 және аудандық соттарға 7 талап-арыз берілді", - деді Ол Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Айтуынша, 166 талап-арыздың 82-сі мәжіліс депутаттығына кандидаттардан, ал қалған 84-і мәслихат депутаттығына үміткерлерден түскен.

"Бүгінде соттарда 164 талап-арыз қаралды. Оның ішінде 49-ы қанағаттандырылды, 84 талап-арызды соттар қанағаттандырудан бас тартты, 15 талап қоюшы арызын кері қайтарып алды, ал 16 арызды сот қараусыз қалдырды", - деді Смағұлов.

Қазір соттардың қарауында мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардан екі талап-арыз жатыр. Сондай-ақ округтік комиссиялардың шешімімен мәжіліс депутаттығына 6 кандидаттың құқығы қалпына келтірілді.

Сотқа түскен 166 талап-арыздың ең көбі кандидаттар ұсынған активтер мен міндеттемелер туралы декларациялардағы мәліметтердің дұрыс болмауына байланысты болған.