Депутаттар реновация бағдарламасы бойынша құрылысқа мониторинг жүргізді

Депутаттар реновация бағдарламасы бойынша құрылысқа мониторинг жүргізді
Сурет: Іnform.kz

Алматыда 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы жұмыс істейді.

Жол картасын жүзеге асыру аясында Алматы қаласы бойынша 250 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарлануда, онда 1800 пәтер апатты жағдайда және санитарлық нормалардың талаптарына сәйкес келмейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жалпы, бағдарлама бойынша биыл 3 үй бұзылуы керек еді. Бүгінгі таңда 20 үй (186 пәтер) бұзылып, жаңа үйлерді салу бойынша әзірлік жұмыстары мен құрылыс жұмыстары басталды.

Жол картасын іске асыруды бақылау шеңберінде Сауранбаев — Молдағалиев — Чернышевский — Толстой көшелерінің ішінде орналасқан құрылыс объектісіне Мәслихаттың тұрақты комиссиясы депутаттары Максим Финогенов, Әміржан Нәбиев, Аскат Қабашевтың, Энергия тиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының, Түрксіб ауданы әкімдігінің және «Алматы» ӘКК қатысуымен 2 рет шықты.

Мониторинг барысында пайдалануға берілген үйлер инженерлік желілердің бір бөлігіне қосылмағандығы анықталды. «Алматы» ӘКК ақпаратына сәйкес, барлығы 62 пәтер пайдалануға берілді, оның 43-і ескі бұзылған үйлердің тұрғындарын көшіруге арналған.

Тамыз айында өткен мониторинг барысында бағдарлама әкімшісі мен құрылыс салушыға қалалық коммуналдық қызметтермен бірлесіп инженерлік желілерді жүргізу кестесін анықтау ұсынылды. Тиісті қалалық қызметтермен келіссөздерден кейін үйге су және кәріз желілері тартылды. Сондай-ақ газ және жылу желілеріне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Реновация жобасын іске асыру барысы мәслихат депутаттарының бақылауында.