Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге үлкен назар аударылды

Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге үлкен назар аударылды
36n6.kz

Пандемия басталғалы бері әлемдегі және Қазақстандағы жағдай оңай емес екендігін бәріміз көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Жолдауда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға үлкен басымдық берді. Осы орайда елімізде коронавирустың алдын алу және емдеу бойынша кешенді шаралар қолға алынатын болады.

Президент атап көрсеткендей, Қазақстан вакцина жасаған бірнеше елдің қатарында. Бұл біздің медицина және биоинженерия саласындағы ғалымдардың әлеуетін көрсетті. Індеттің алдын алу үшін екпе салудың маңызы зор. Бұл ретте Алматы қаласында ауқымды шаралар қолға алынып, вакциналау кешенді түрде іске асырылуда.

Пандемия аясында экономиканың дамуы тоқтамау керек. Бүкіл денсаулық сақтау саласы тұрақты екпе салу жүйесіне дайындалуы қажет.

Сонымен қатар, еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылатын болады. Бұл тиісті заңмен Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдануы керек. Тағы бір маңызды мақсат – зертханалардың халықаралық стандарттарға сәйкес жарақтандырылуына Мемлекет басшысы үлкен көңіл бөлді. Пандемия салдарынан ысырылған жоспарлы емдеу мен ота жасау процестерін және скринингті алдағы уақытта тоқтатуға болмайтыны айтылды.

Еліміздің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық фармацевтиканың дамуына серпін берілетін болады. Дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғылардың үлес салмағын 17%-дан 2025 жылы 50%-ға жеткізу бойынша үлкен әрі маңызды мақсат белгіленді.

Сондай-ақ, денсаулықты сақтау және иммунитетті күшейту арнасында  бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөлінетін болады.

Жолдау медицина жүйесінің дамуын арттыруды және халық денсаулығын қамтамасыз етуді күшейтері анық.