Денсаулық сақтау министрлігі елде патогендік зертхана салу ұсынысын көтерді

Денсаулық сақтау министрлігі елде патогендік зертхана салу ұсынысын көтерді
Сурет: Agrobezopasnost.com

Қазақстанның төрт өңірінде патогендік зертхана салу үшін кемінде 7,7 млрд теңге қаражат керек

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ШҚО, Түркістан, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында ІІ санаттағы патогендік зертхана салуды ұсынып отыр. Ол үшін кемінде 7,7 млрд теңге қажет, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

Бұл ұсынысты «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттарының алдында таныстырған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов көтерді.

«Заң жобасы аясында қолда бар зертханалық базаны қосымша жарақтандыруға және жетілдіруге (5,5 млрд. теңге), физикалық қорғанысты жетілдіруге (0,4 млрд. теңге), иммундық-биологиялық препараттарды GMP талаптары бойынша шығару жөніндегі ғимарат салуға (7,7 млрд теңге), сондай-ақ ШҚО, Түркістан, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында патогендігі II санаттағы микроорганизмдермен жұмысты жүзеге асыратын 4 зертхана салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге (0,3 млрд теңге) бюджеттен 14,4 млрд теңге жұмсау көзделген», - деді Ерлан Қиясов.

Оның айтуынша, биоқауіпсіздік саласындағы бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құру үшін 200 млн теңге керек. Ал микроорганизмдер коллекциясын ұстауға 400 млн теңге бөлу ұсынылып отыр.