Денсаулық сақтау министрлігі ұлттық жобаның үздік логотипіне байқау жариялады

Денсаулық сақтау министрлігі ұлттық жобаның үздік логотипіне байқау жариялады
Сурет: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіAlmaty-akshamy.kz

Байқау 25 ақпанда басталып, 15 наурызға дейін жалғасады.

Денсаулық сақтау министрлігі «Дені сау ұлт» - әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының үздік логотипіне байқау жариялайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық жобаның графикалық символы денсаулық сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, эпидемиологиялық салауаттылық және салауатты өмір салтын ілгерілету мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару жөніндегі жалпы мемлекеттік міндетті іске асыруға қызмет етеді.

Шығармашылық конкурсқа қатысуға дизайн және графикалық өнер дағдыларын меңгерген заңды және жеке тұлғалар шақырылады. Сонымен қатар, конкурстық жұмыстар жеке де, ұжымдық та болуы мүмкін.

Байқау 25 ақпанда басталып, 15 наурызға дейін жалғасады, ол екі кезеңнен тұрады: іріктеу және бағалау. Конкурсқа қатысу өтеусіз негізде жүзеге асырылады және жұмысқа қоса берілетін өтініммен ресімделеді. Байқау жұмыстары электронды түрде поштаға қабылданады: zdrav_logo@gmail.com

Конкурсқа ұсынылған жұмыстарға қойылатын талаптар: түпнұсқалылық, бейнелер мен ойдың болуы, қабылдау мен бейнелеудің жеңілдігі, есте сақталуы, түстердің минимумы, ауқымдылығы, ұлттық символика элементтерін ықтимал пайдалану.

Логотиптер электронды форматта (JPG, GIF, PNG) 300 dpi рұқсатымен, жұмыс файлын міндетті түрде ұсынумен, көлденең және тік бұрыштарда берілу керек.

Құзыретті қазылар алқасы байқау тақырыбына, сюжеттің бірегейлігіне, орындау шеберлігіне және көркемдік құндылығына сәйкес бағалайды. Туындылардың түпнұсқасы ғана қарастырылады, өзгенің логотиптерін немесе оның элементтерін көшіруге жол берілмейді.

Жұмыстар 2022 жылдың 15 наурызына дейін қабылданады. Комиссия іріктеген үздік логотип «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының тұрақты графикалық символы ретінде әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, барлық таратылатын ақпараттық-имидждік өнімдерде және басқа да тасымалдағыштарда орналастыру үшін пайдаланылатын болады.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы 2025 жылға дейін төрт бағытты іске асыруды көздейді:
бірінші - медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;
екінші - эпидемиологиялық болжаудың және биологиялық қатерлерге ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру;
үшінші - халықты отандық дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету;
төртінші - халық арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау.