Денсаулық сақтау министрі Африка елдеріне саяхаттамауға кеңес берді

Денсаулық сақтау министрі Африка елдеріне саяхаттамауға кеңес берді
Сурет: Svoiludi.ru

Министр Қазақстанда маймыл шешегі тіркелмегенін мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандықтарды осы ауруға қарсы вакциналау туралы ұсыным бермеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстанда маймыл шешегін жұқтырған адам жоқ. Десе де, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният азаматтарға Африка елдеріне әзірге саяхаттамауға кеңес берді.

Министр Қазақстанда маймыл шешегі тіркелмегенін мәлімдеді. Шекараны кесіп өткен барлық адамның дене қызуы тексеріледі. Егер температурасы болса, дереу оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі.

«Екіншісі – біз маймыл шешегін анықтау үшін диагностика дайындадық. Бұл арнайы тестер. Олар осы ауруды анықтауға көмектеседі. Маймыл шешегінің белгілері бар пациенттерді тексереміз», - деді А.Ғиният.

Айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандықтарды осы ауруға қарсы вакциналау туралы ұсыным бермеген. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Министр маймыл шешегі алғаш Африка елдерінен таралғанын, қазір ол жақта жағдай ушығып тұрғанын айтты.

«Сол себепті Қазақстан азаматтарына ауру көп тараған елдерге, әсіресе, Африка елдеріне саяхат жасауды шегере тұруға кеңес беремін», - деді ол.

Маймыл шешегінің негізгі белгісі – денеде бөртпе пайда болады. Бұған қоса, қызу көтеріліп, бас ауырады, әлсіздік сезіледі.