Демалыс күндері оңтүстік өңірлерде қатты ыстық болады

Демалыс күндері оңтүстік өңірлерде қатты ыстық болады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Республика аумағының басым бөлігінде әлі де тұрақсыз ауа райы сақталады.

«Қазгидромет» мамандары 23-25 шілдесіне арналған ауа райы болжамын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Республика аумағының басым бөлігінде әлі де тұрақсыз ауа райы сақталады, жаңбыр жауады. 25 шілдеде елдің солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауып, найзағай, дауыл, бұршақ күтіледі. 

«Еліміздің оңтүстік-шығысында ғана кезең бойы жауын-шашынсыз ауа райы болмақ. Қазақстанның оңтүстігінде шаңды дауыл болжанады», - делінген синоптиктердің болжамында.

Күндізгі уақытта республиканың батыс жартысында ауа температурасы +27 +42°С-тан +23 +35°С-қа дейін төмендейді. Ал ауа температурасының аздап көтерілуі елдің солтүстік-батыс, орталық өңірлерінде күтіледі: мұнда термометрлер + 25 +38°С белгісіне жетеді, республиканың солтүстігінде, шығысында болса температуралық фон +22 +30°С-қа, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында +34 + 46°С дейін өте қатты ыстық сақталады.