ДДҰ басшысы Қытайдағы коронавирустың өрши түскеніне алаңдаушылық білдірді

ДДҰ басшысы Қытайдағы коронавирустың өрши түскеніне алаңдаушылық білдірді
Сурет:Ria.ru

Инфекцияның салдарынан 5,2 мың адам қайтыс болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус сәрсенбіде Қытайдағы індеттің жаңа толқынына алаңдаушылық білдірді және ел билігін халықтың осал топтарын вакцинациялауды жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz  cілтеме жасап.

"ДДҰ-да Қытайдағы жағдайдың өршуі, аурудың ауыр жағдайлары туралы деректердің көбеюі үлкен алаңдаушылық тудырып, талқыға салынған мәселе болды", - деді Гебрейесус.

2020 жылдан бастап қытай билігі Covid-19-ға қарсы "нөлдік төзімділік" саясатын ұстанды: вирустың таралуын шектеу үшін локдаундар мен жұқтырған адамдармен байланыста болғандар үшін міндетті карантин қолданылды.

Осы жылдың көктемінде Гебрейесус бұл саясатты сынға алып, Қытай сарапшыларымен "вирус туралы жаңа ақпаратты ескере отырып, басқаша көзқарас" қажеттілігін талқылағанын айтты. Аспан асты елі билігі "Қытайдың алдын алу және күресу шаралары ғылыми дәлелденген әрі тиімді" деп ДДҰ басшысының мәлімдемесін жауапсыз қалдырды.

Алайда, желтоқсан айының басында Қытай билігі індеттің таралуын болдырмау үшін қабылданған бірқатар шектеулерді алып тастады.