«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды
Сурет: Elorda.info

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жариялады.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы – ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында табысталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап. 

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді. 

Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен ҚР 29 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері жүргiзедi.

Жеңімпаздарға ҚР Үкіметінің қаулысымен «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және лауреаттар дипломмен, төсбелгілермен сондай-ақ ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Жыл сайын сыйлықты ұсыну Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін мерекелеу аясында өткізіледі. 

Үміткерлердің құжаттары 2022 жылғы 10 тамызға дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетіне (қағаз нұсқасы) келесі мекенжай бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 10, «Министрліктер үйі» ғимараты (14-кіреберіс), 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, 8-701-170-46-54 және (электрондық нұсқа) premiya.daryn@gmail.com эл. поштасы арқылы қабылданады.