Даналыққа құштарлық

Қазіргі заманда даналыққа деген құштарлық, Ұлы даланың тарихи жәдігерлерін игеруге деген ұмтылыс зиялы азаматтар арасында арта түсуде. Кезінде «Мен жастарға сенемін!» деген Шәкәрім мен Мағжан ұлттың болашағы жастарда екенін жақсы түсінген. Сондықтан жастарға берілген тәрбие мен білім жәй ғана әлеуметтік қажеттіліктен туындаған әрекет емес, ол ұлттың өзіндік келбетін қалыптастыру, оның жарқын болашағына деген пәрменді ұмтылыс, әрекетшіл отансүйгіштік. Осыған орай, ұрпақтар арасындағы сабақтастық, халықтың ғасырлар бойы қордалаған рухани мұрасын, байлығын насихаттау, оларды барынша әлеуметтік ортада дәріптеу кез-келген ұлттық мәдениет үшін ауадай қажет.
Бізге әрқашан да ұлттық мүддемізге, мәдени ерекшеліктерімізге қайшы келмейтін, практикалық нәтижесінің болашағы бар әрекетшіл, ұлттық нақышын жоғалтпаған прагматизм керек. Сондықтан рухани жаңғыру концептісінің маңызы мен мәні заманауи тарихи кезеңде әлеумет үшін, ғылым үшін барынша өзекті. Осы үдерісті философиялық тұрғыдан пайымдау, оны тереңінен зерделеу кәсіби гуманитарлық сала мамандарының борышы. Аталған игілікті іске өзінің қомақты үлесін қосып жүрген маман, еліміздегі гуманитарлық саланың тәжірибелі өкілі, ұстаздықтың ұлағаты мен қадір-қасиетін өзінің өмір салтында өнеге еткен – профессор Гүлжиһан Жұмабайқызы Нұрышева әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор.
Даналық әлемін зерделеуді өзінің ғұмырының мәні етіп алған Гүлжиһан Жұмабайқызы – 1959 жылы 14 қаңтарда Атырау облысында дүниеге келген. Қазіргі таңда өзі оқыған көрнекті білім ошағында табысты жұмыс атқарып жүр және университеттің әлемдік рейтингтегі «Топ-200 университеттер» қатарына енуіне қомақты үлесін қосып келеді. Ұстаздың қадірін білген қоғамның ғана болашағы бар. Өйткені, ол жаңа білім берумен қатар ұлттың зиялы қауымдастығын қалыптастырушы рухани тұлға.
Қазіргі заманда елімізде тарих толқынында қалыптасқан руханияттарға тарихи сана тұрғысынан сипаттамалар берілумен қатар, Ұлы даланың көрнекті тұлғаларын насихаттау жаппай қолға алынуда. Гүлжиһан Жұмабайұлы тарихымыздағы ұлағатты тұлғалардың дүниетанымын философиялық тұрғыда зерделеумен, насихаттаумен көптеген жылдардан бері айналысып келеді. Мәселен, әл-Фараби, Асан қайғы, Ж.Баласағұн, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Алаш қайраткерлері, О.Сегізбаев және т.б. философиялық ой-тұжырымдары тәжірибелі ұстаздың рухани талғамынан байыпты сараланған. Соңғы кезде атақты Шығыстың энциклопедияшы-ғалымы әл-Фарабидің ілімін студенттер арасында насихаттау мәселесіне көп еңбек сіңіріп жүргенін атап өткен жөн. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты оқу құралы университет ректоры Ғ.Мұтанов және т.б. философия саласының мамандарымен біріге отырып 2014 жылы жарық көрді.
Өзінің шәкірттік парызын орындауда Гүлжиһан Жұмабайқызы көптеген жастарға тамаша үлгі болып келеді. Әсіресе, философия саласы бойынша кандидаттық және докторлық диссертацияларына ғылыми кеңесші болған профессор Ораз Аманғалиұлы Сегізбаевтың шығармашылығына барынша шәкірттік ынтызарлықпен үңіле назар аудара білді. Ғалым өзінің қомақты ғылыми еңбегі болып саналатын «Адам өмірінің философиялық мәні» атты жеке монографиясын 2001 жылы жарыққа шығарып, осы тақырыптың ауқымында өзінің докторлық диссертациясын қорғады. Бұл еңбек кейін көптеген жас мамандарға философия саласы бойынша ғылыми зерттеулер жасауға үлгі болатын, керек кезінде арқа сүйейтін шығармаға айналды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары алғаш рет елімізде қазақ философиясы тақырыбында жоғары оқу орны студенттеріне арнап орыс тілінде оқулық жазғанын ескере отырып, ғалым-ұстаз Г.Нұрышева профессор М.Сәбит екеуі бірігіп О.Сегізбаевтың «Қазақ философиясының тарихы» атты еңбегін қазақ тіліне аударды. (Алматы, 2017 ж.).
Елімізде 2017 жылдан бастап Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы жүзеге асырыла бастады. Әлемдегі ең таңдаулы деген гуманитарлық саланың оқулықтары мемлекеттік тілге аударыла бастағаны белгілі. Жалпы, кез-келген шет тілінен кәсіби әдебиетті аударғанда жәй ғана өзге тілді жақсы білу аздық етеді, сонымен қатар тәржімелеушінің сол саланың маманы болғаны абзал. Сонда ғана сапалы дүниелер оқырманға ұсынылады. Міне, біз осы бағыттағы Г.Нұрышеваның шығармашылығынан туындаған үйлесімді және жоғарғы деңгейлі қадамдардың куәсі болдық. Профессор Гүлжиһан Жұмабайқызы Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» деген еңбекті қазақ тіліне өте сапалы аударып шықты. Сонымен қатар, Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. 3-том» деген еңбегін аударуға да үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар, соңғы автордың аталмыш еңбегінің 4 томына ғылыми редактор болды.
Гүлжиһан Жұмабайқызы өзінің кәсіби саласындағы шеберлікке, биіктерге негізінен ізденімпаздық пен еңбекқорлықтың арқасында жетті деуге болады. Жоғары мектептегі ұзақ жылдар бойғы ұстаздық етумен қатар ғылымның ішкі сырына қажымай-талмай үңілу оны шығармашыл тұлға ретінде асқақтатты, әріптестері алдында үлкен беделге жеткізді. Кезінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 20-томдық «Әлемдік философиялық мұра», 20-томдық «Қазақ халқының философиялық мұрасы», 10-томдық «Әл-Фараби философиясы» (2004–2009 ж.ж.) қалыптасқан еді. Осы бағдарламалардың сәтті жүзеге асуына Гүлжиһан Жұмабайқызының үлкен еңбек сіңіргенін де атап өткен жөн.
Жаһанданудың объективті үдерістері халықтарды бір-біріне экономикалық, ақпараттық, мәдени тұрғыда жақындатқанмен, адамаралық қатынастарды проблемаларды шешудегі дәрменсіздігін көрсетіп отыр. Сондықтан ұлттық философияның қазіргі замандағы көтерген ең негізгі мәселесі – адам проблемасы, адамның рухани әлемінің қалыптасуын анықтау, оны философиялық тұрғыдан зерделеу болып табылады. Гүлжиһан Жұмабайқызы осы күрделі де маңызды мәселені философиялық тұрғыдан жан-жақты сараптауға өзінің шығармашылыққа толы өмір жолының біршама бөлігін арнап келеді.
«Махаббатсыз дүние бос» деп Абай айтқандай, адам өмірінің терең сыры – ізгі махаббат пен шабытты шығармашылықтан, әрекетшіл отансүйгіштік пен мейірімділіктен тұрады. Ал енді ұлағатты ұстаздықтан құралған өмір тәжірибесі профессор Гүлжиһан Жұмабайқызына бақытты ғұмыр сыйлап келеді. Оның жеке отбасының өзі соның бір дәлелі. Сүйікті жары, өнегелі қыздары, сүйкімді немерелері болғанының өзі көрнекті жанның қадірін қоғамымызда айғақтай түседі. Рухани жаңғырудың бір қыры осындай адами дүниелерді барынша өзектендіруде, әлеуметке паш етіп, жариялап отыруда болса керек.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
философия ғылымының докторы, профессор.