«ДАМУМЕД» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫН ЖҮКТЕП АЛЫҢЫЗ

Әсел ДАҒЖАН
Ұялы телефонды белсенді қолданатын алматылықтар «Дамумед» мобильді қосымшасын тегін жүктей алады. Ол бұрынғы амбулаторлық картаның орнын алмастыруда.
Мұндай жаңашылдық медицинадағы қағазбастылықты қысқартып, емханаға келген әр адамның уақытын үнемдемек. Бұл қосымшаның өзін заман талап етуде. Өйткені, интернетті белсенді қолданатын алматылықтар 20 —60 жас арасындағы миллион шақты адамды құраған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысында белгілі болды.
– Қазіргі заманның талабымен «Дамумед» мобильді қосымшасын жасап шығардық. Онда әрбір адамның амбулаторлық картасының электронды нұсқасы мен науқастың соңғы рет қандай дәрілер жаздырып алған деректеріне дейін тұрады. Электронды денсаулық паспорты десе болады. Мобильді қосымша телефонға оңай жүктеледі. Аты-жөніңізді енгізген сәтте қай аурухана, қандай учаскеге тіркелгеніңіз, соңғы рет дәрігер қандай дәрілер жазғанына дейін ақпарат шығады. Егер телефон қолданбайтын зейнеткер болса, емханада түсіндіретін мамандар отырады. Яғни egov орындығы бар. Онда әрбір науқасқа логин, пароль беріледі. Сол парольді еңгізіп, мамандар компьютер арқылы зейнеткердің жеке парақшасына кіріп, ол жайлы ақпаратты көре алады, – дейді Электронды денсаулық сақтау республикалық орталығының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Гүлнар Ысқақова.
Аталған мобильді қосымша мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілді. Содан бері екі айдың ішінде 113 мың алматылық көшіріп алған. Мамандар халықтың 70 пайызының осы қосымшаны белсенді қолданғанын қалап отыр. Сонда ғана осы саладағы қағазбастылық біржола азаймақ. Жыл соңына дейін 600 мың алматылық осы мобильді қосымшаны жүктеп алар болса, осы салада айтарлықтай оң өзгерістер болмақ. Өйткені, қазірдің өзінде медициналық ақпараттық жүйе орнатқан емханалар науқас қағазды енді тек электронды түрде бермек. Ешкім оны қалаған уақытқа жаздырып ала алмайды. Осы медицина саласындағы тағы бір өзгеріс бойынша емхана мен дәріханалар қоян-қолтық жұмыс істеуде. Дәрігердің жазып берген рецептісін алып, науқас бұрынғыдай дәріхана іздеп кетпейді. Сол аурухана, емхана ішіндегі дәріханаға түсіп, төлқұжатын көрсетсе, ортақ желі арқылы көріп отырған фарм қызметкерлері сіздің дәрілеріңізді сұратпай-ақ береді.
Айта кетейік, өткен жылы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ең көп электронды мемлекеттік қызмет түрлерін көрсеткен болатын. Биыл басқарманың сол қарқыны біраз тоқтап тұр. Өйткені, бұл салада толықтай цифрландыру жүріп жатыр. Статистикаға шақсақ, жарты жылда денсаулық сақтау басқармасы 2 миллионға жуық мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен. Оның ішінде 748 000 қызмет egov порталы арқылы жүрген.