Дәстүрлі ән өнері – ұлт болмысы

Дәстүрлі ән өнері – ұлт болмысы
almaty-akshamy.kz

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ұжымы жаңа маусымның шымылдығын түрді. Маусымның ашылуы қарсаңында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиевті аз-кем әңгімеге тарттық. Филармония басшылығы маусымның жаңалығы мен филармонияның тыныс-тіршілігі туралы баяндап берді.

- Жаңа маусымның ашылуымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы несімен ерекшеленеді, осыған тоқталып өтсеңіз.

- Филармонияның жаңа концерттік маусымының ашылуы біз үшін зор қуаныш. Әуелі бұл өнер шаңырағы - еліміздегі терең тарихы бар, бірнеше буын алдыңғы толқыннан тұратын жолы бар, өзіндік орны бар бірегей филармониялардың бірі. Биыл Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына 87 жыл толып отыр. Өзінің соқпағын отызыншы жылдардан алатын қазақ топырағындағы тұңғыш концерттік мекеме саналуы  филармонияның бірден-бір ерекшелігі болып табылады.  Филармония содан бергі аралықта ұлттық өнеріміздің, оның ішінде музыка өнерінің шарықтап дамуына үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде мәдени астанада орналасқан, еліміздегі жетекші концерттік ұйым болып қалыптасқан филармония ұжымы  ұлттық және академиялық музыка саласында зор табыстарға жетіп отыр. Ұлттық классикалық музыканы дәріптеп, әлемдік мәдениеттегі академиялық классикалық жанрларды қазақ топырағына жеткізген киелі шаңыраққа айналды. Осының бәрі филармония құрамында қызмет еткен, әлі де қызмет етіп жүрген ұжымдар мен жеке орындаушылардың еңбегі деп зор мақтанышпен айта аламыз.

- Филармония құрамындағы әртістер жайлы айтсаңыз... Ұжымдағы өнерпаздар құрамында өзгерістер бар ма?

- Филармонияда атақ-даңқы алысқа жеткен 7 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың қатарында ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Н.Тілендиев атындағы "Отырар сазы" академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті мен жеке орындаушылар тобы ұжымдары бар. Ағымдағы жылда Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтетінің құрамы өзгерді. Құралай Мәлімбаева квинтет құрамынан кетіп, орнына жаңа гобойшы - Жақыпбек Асыл деген жігіт келді. Сондай-ақ, бір-екі өнер иесінің қызметтен кетуіне байланысты жаңа мамандар қабылдадық. Қазір жас мамандарды жұмысқа тартудың маңыздылығын ескеріп, "Отырар сазы" оркестріне бас қобыз, прима қобызға, ҚР МАСО құрамына виолончельші мен хор капелласына жас мамандарды алдық.

- Филармонияға басшылыққа келгеніңізге жарты жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қандай өзгерістер әкелдіңіз? Соңғы уақытта филармония репертуарының жаңарғанын байқаймыз.

- Жалпы, кез келген басшының мақсаты - өзгеріс алып келу емес, жылдар бойы қалыптасқан дәстүрді дұрыс жалғастыра отырып, жаңашылдық енгізу. Осында қалыптасқан шығармашылық ұжымның сұранысына лайықты жауап беру. Өнер ұжымдары қай кезде де үздіксіз жұмыс істеп жатады, сол әріптестеріңмен бірге дамылсыз даму қажет. Менің қазіргі қызметім, жауапкершілігім осы филармонияға тікелей байланысты болып тұр: филармонияның дұрыс бағытта жұмыс істеуі, репертуарлық саясаты, көрерменді қызықтыра білу. Қазіргі басты міндетім - репертуарға жаңа леп әкелу. Соңғы уақытта филармония репертуарының сан алуандығына мән беріп, осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Репертуардың қалыптасуы, жаңаруы жолында жаз маусымында бірқатар жұмыстар атқарылды. Көрермен тарапынан классикалық шығармаларға сұраныс жоғары, қай уақытта да кештер аншлагпен өтеді. Ал ұлттық өнердің көрермені аз.  Әр филармонияның өзіндік стилі, бағыт-бағдары болады. Десе де, көрермендерге не қажет екенін білу үшін әлеуметтік желілер арқылы байланыс ұстап отырамыз. Жаңа маусымда соларды ескереміз.

- Өткен маусым филармония үшін қаншалықты табысты болды? Даңғыл жолды қалай жалғастырып әкеттіңіз?

- Өткен маусым филармония үшін табысты болды деуге толық негіз бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрерменге 100-ден аса концерт ұсындық. Маусым кезеңінде шығармашылық ұжымдарымыз екпінді еңбек етті деуге болады. Өнер иелері республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени шараларға белсене қатысты. Шетелге гастрольдік сапарларға шығып, бірқатар шақыртулар алды. Басты олжамыз - байқаулардағы жеңісіміз. Мәселен, мамыр айында ҚР қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті Испанияда өткен "Open Spain" Халықаралық аспаптық орындаушылардың байқауында көш бастап, жүлдемен оралды. Қазақстанда алғаш рет филармония сахнасында композитор Толга Кашифтің Queen-Symphony эксклюзивті симфониясы шырқалды. Халықаралық флейта академиясының гала-концертін өткердік. Бұл гала-концерт Германия, Ресей, Қазақстан елдерінен келген жетекші педагогтердің төрт күндік шеберлік сағаттарынан тұратын  “Халықаралық флейта академиясы” жобасының қорытындысы ретінде сахналанды. Бірқатар қайырымдылық фестивальдерге де филармония ұжымы ұйытқы болды. Нәтижесінде “Қызыл алма - мықты және бақытты отбасының символы”, “Францияға саяхат” француз музыкасының кештері ұйымдастырылды. Еске алу кештері, атаулы даталарға ұйымдастырылған концерттерден Роза Бағланованың жүз жылдығына арналған "Ән сенімен қоштаспайды" концертін ерекше атап өтуге болады.

- Тағы бір атқарған ауқымды ісіміз - "ХХ22" фестивалі. Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі алғаш рет әлемде аналогы жоқ үш бөлімнен тұратын музыкалық фестивалін ұсынды. Алдағы уақытта жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

- Филармония өнерпаздарының көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүргендерін айтып өттіңіз. Бұл бағытта жаңа маусымда қандай жоспарларыңыз бар?

Әлемдік мәдени кеңістікте филармония беделін қалыптастыру бойынша жұмыс ұдайы жүргізіледі. Ал оның маңызды бағыттарының бірі - әртістердің халықаралық байқауларға қатысуы. Қыркүйек айында хор капелласының құрамынан бір солисті Будапеште өтетін Ева Мартон атындағы Халықаралық вокалистер байқауына жібереміз. Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті Испанияда өтетін "Musica del Mar" Халықаралық байқауына камералық орындаушылық номинациясы бойынша қатысуды жоспарлап отыр. Әзірге келіп түскен өтінімдер осы.  Байқаулардан бөлек, үстіміздегі жылы Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы атап өтіледі. Осыған орай, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Румынияға шақырту алды. Бухарест, Клуж және Констанца сынды ірі қалаларында концерт өткізеді. Мәдениет министрлігінің тікелей қолдауымен қазір әртістерді іссапарға жіберуді қарастырып отырмыз.

- Ал осы жаңа маусымға дайындық жұмыстары қалай жүрді? Қандай жаңашылдықтар бар?

- Филармония, міне, өзінің 87-маусымын бастағалы отыр. Осы маусымдағы филармонияның алғашқы шарасы - гастрольдік концерт. Филармонияның жаңа маусымы 28 тамыз күні ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар окестрінің концертімен ашылады. Бұл концерт арнайы Шахтерлер күні мен Конституция күніне орайластырылды. Шығармашылық кештер Қарағандының бірқатар аймағында ұйымдастырылмақ. Бұл концерт тосын сыйлар мен қызықты бағдарламаларға толы жаңа маусымның бастамасы болмақ.

Ал енді жаңа маусымның дайындық жұмыстарына келер болсақ, дайындық әлі де белсенді жүргізілуде. Афишасы, банерлер, олардың дизайны бар. Жаңа маусымда әркім тың идеялар ұсына алатын жаңашылдықтар күтеді. Биылғы маусымның жаңалығы - филармонияның ішкі фестивальдері мен байқаулары.

Филармония ұжымы алдағы уақытта іске асырылар маңызды іс-шаралар тізбегін жоспарлап отыр. Олардың қатарында "Өнерім саған -Қазақстан" атты фестиваль, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқау бар. Алғашқы фестивальдің мақсаты қазақ халқының өнері мен мәдениетін Қазақстанда тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттау және дамыту, қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Ал байқау үшін қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін дамыту үшін жағдай жасауды мақсат етіп қойдық. Бұл байқауға дәстүрлі өнерге қатысты шығармашылық мекемелердің барлығын шақыртып отырмыз. Себебі бәсекелестікпен өтететін өнер жарысы шығармашылық ізденіс пен жаңа жетістіктерге бастайтыны белгілі. Жылда өткізілетін "Дирижерлер шеруі" тағы бар. Биыл алыс-жақын шетелден 8 дирижер келеді деп күтілуде.

Жалпы, осындай шаралардың өткізілуі - өнер ұжымдарының дамуын анықтайтын маңызды іс-шаралардың бірі. Біз де осындай жастар шығармашылығын дамытатын, жаңашыл ізденістерге қозғау салатын, қазақ сахна өнерінің дамуына жаңа серпін беретін фестиваль-жобалар мен байқауларды қолға алып отырмыз.

- Алматылық көрермен жаңа маусымда қандай концерттерді тамашалай алады? Осы тұста алда әртістермен бірлесе ұйымдастырылатын гастрольдік сапарлар да өнерсүйер қауымды қызықтырмай қоймасы анық.

- Көпшілік көрерменнің сүйікті "The best of..." циклінен концерттер бар. Классиктер көп, сол себепті Чайковский, Бах, Бетховен, Моцартпен ғана шектелмей, көкжиегімізді кеңейтейік деп шештік. Филармония құрамындағы солистеріміздің де жаңа бағдарламалардан тұратын арнайы дайындаған концерттері бар. Біздің жас көрермендерімізді де жексенбі күндері өтетін концерттер күтіп тұр және бұрынғыша музыкалық абонементтер қолданылатын болады. Мектеп оқушылары үшін "Музыкалық алфавит" атты жылдық абонемент бар.  Бұл абонементтердің болашақ ұрпақтың мәдени өресіне сіңірер үлесі зор деп білеміз.

Сондай-ақ филармония мерекелік іс-шараларға ерекше көңіл бөліп келеді, сол дәстүр жалғасады. Маңызды даталар, мемлекеттік мейрамдарды да ескерусіз қалдырмаймыз. Нұрғали Нүсіпжановтың 85 жылдық мерейтойын, сахнадағы 65 жылдығын "Отырар сазы" оркестрінің қатысуымен кең көлемде атап өтеміз. ҚР МАСО ұжымы да гастрольдік сапармен желтоқсанда астанаға аттанбақ. Жоспар бойынша Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының Ақтау қаласында концерті бар. Филармония осындай жақсы жаңалықтармен, жаңа тыныспен көрермендерді жаңа концерттік маусымда күтеді.

Сұхбаттасқан Айжан БҮРКІТБАЕВА