Дәрінің сапасын тексеру мүмкіндігі туды

Дәрінің сапасын тексеру мүмкіндігі туды
Сурет: 365info.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сапасыз дәрі-дәрмектен жылына 1 миллион адамға дейін көз жұматынын айтады.

Дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі қыркүйек айынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Осылайша кез келген дәрінің заңды немесе заңсыз шығарылғанын тексере аласыз.

Ел Үкіметі дәрілік препараттарды таңбалаудың тарифін бекітті. Алғашқы кезеңге 90 атау енгізілген. Келер жылдың соңына дейін барлық дәрі-дәрмек цифрлық маркалаудан өтеді. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, елімізде дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы 12%. Бұл ондаған млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Ал әлемде контрафактілі дәрінің үлесі 20% шамасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сапасыз дәрі-дәрмектен жылына 1 миллион адамға дейін көз жұматынын айтады.

«Цифрлық таңбалау енгізетін тізім өте үлкен. Дәрілік заттар міндетті таңбалауға жататын маңызды тауарлар тобының қатарына кіреді. Тиісті нормативтік құжаттар бекітілді. Қыркүйек айында күшіне енетін бұйрыққа сай, бірінші кезеңде 90 аталымнан тұратын дәрі-дәрмек таңбаланады. Бұл - фармацевтика саласындағы қауымдастықпен анықталып, келісілген және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізім. Міндетті цифрлық таңбалау енгізілгенге дейін дәріхана сөресіне түскен өнім жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға жатады. Жаңа тәртіп 2023 жылдың аяғына дейін дәрілік препараттардың 100%-ын кезең-кезеңмен таңбалауды көздейді», - дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Мамандардың айтуынша, отандық дәрі-дәрмек өндіруші ірі және ұсақ компаниялар пилотты негізде жүйеге дайын. Ал импорттық өнім өндіруші елдегі зауыттарда таңбаланады.

«Міндетті маркалауға жататын өнімде дата матрикс код болмаса, оның заңсыз екенін білдіреді. Реестрге енгізілмеген тауардан күмәндануға болады. Мобильді қосымша арқылы сканерлеп, оның нарықтағы рұқсат етілген шекті бағасын да тексере аласыз. Қыркүйек айында біз осы 90 аталым дәрі-дәрмекті таңбалауды бастаймыз. Яғни Қазақстан аумағында сатуға рұқсат етілмеген препараттардың айналымына тосқауыл болады. Бұл - сіздің тиісті бақылаудан өткен сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізуіңізге кепілдік», - дейді маман.