«Дүниежүзі тарихына» арналған оқу-әдістемелік құрал жарыққа шықты

«Дүниежүзі тарихына» арналған оқу-әдістемелік құрал жарыққа шықты
www.inform.kz

Әдістемелік құралдың авторлары – Алматы қаласындағы №122 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімдері Дәулет Есенов пен Аяулым Тілепбергенова.

Жас ұстаздардың авторлығымен жарық көрген «Дүниежүзі тарихы» пәнінен 5-11 сынып оқушыларына арналған оқу-әдістемелік құрал мұғалімдер мен оқушыларға ҰБТ-ға дайындыққа арналғандығымен ерекшеленеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бұл туралы редакциямызға хабарлаған Алматы қаласындағы №13 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Сайднасимов Қайраттың айтуынша, оқу құралында тарихи оқиғалар мен оның мазмұнына баға беруге негізделген, оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыратын тесттік сұрақтар кеңінен қарастырылған.

Оқушылардың білімін жетілдіруде хронологиялық даталар мен терминдер, тарихи географиялық атаулар да қамтылған. Әр тақырып мазмұны бойынша ҰБТ контекстері жазылған. Тақырыпты толық меңгеруге, маңызды оқиғаларды нұсқаумен іздестіре отырып, оқиғаның нақты жауабын табуға бағытталған дидактикалық оқу құралының тағы бір ерекшелігі оқушы – әр  тақырыпшадан кейін QR-кодтың көмегімен intellectx.kz сайтына кіру арқылы ашық және жабық  тапсырмаларды орындап,  тақырыпты қаншалықты меңгергенін тексере алады. Педагогикадағы елдік мүдде жолында жазылған қажырлы еңбек қашан да ел игілігіне қызмет етеді. 

«Уақыттың талабына сай жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жазылған көмекші оқу құралын әзірлеген авторларға Алматы қаласының тарихшылары үлкен ризашылықтарын білдіруде.Біз өз тарапымыздан авторларға рахмет айтып, алдағы уақытта да бізді өз еңбектерімен қуанта беруіне тілектеспіз. Оқушылардың мақсатына жетуіне көмектесу жолындағы игілікті істің қуанышы ұзағынан сүйіндірсін», - деді тарихшы-ұстаз Сайднасимов Қайрат.