COVID-19: ЕКПЕ   ТУРАЛЫ НЕ  БІЛГЕНІМІЗ  ЖӨН?

Сауал – сізден, жауап – бізден

 

 

Сұрақ:  Қазақстанда вакцина егу  міндетті  әрі мәжбүрлі  болады ма?

Жауап: Қазақстанда вакцина  алу-алмау әрбір азаматтың өз құзырындағы ерікті мәселе болып табылады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина егу  адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинадан  бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

 

Сұрақ: Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?

Жауап: 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында  Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы екпе егу  басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық өндіріс – QazCovid-In препаратын қосуды жоспарлап отыр, бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұрақ: Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?

Жауап: Вакцина  егу  вакцинаның келіп түсуіне  байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналауға жатады, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.

Алғашқы кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, жан сақтау, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинамен қамтылмақ. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері вакциналанады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.

Сонымен қатар  ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және халықтың басқа да осал топтарын қамту арқылы   контингентті көбейту жоспарлануда.

 

Сұрақ: Вакциналау ақылы бола ма? Бір екпе  құны қанша?

Жауап: Халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина егу  тегін.

 

Сұрақ: Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Оның жанама әсерлері бар ма?

Жауап: Қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар нұсқаулық талап етіледі. Осыған байланысты қарсы көрсетілімдерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Кез келген вакцинаны қабылдаған  кезде  адамның организмі  иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылайтыны, ал екпе  орнының  қызаруы не  ісінуі мүмкін екендігі  сияқты көріністердің пайда болатынын   айта кеткен  жөн.

 

Сұрақ: Адамда коронавирустық вакцинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?

Жауап: Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақытылы ден қою үшін адам вакцина алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

 

Сұрақ: Ресейде вакцина алған адамдарға дәрігерлер күнделікті телефон арқылы хабарласып, бақылау жүргізеді. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?

Жауап: Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы  медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Ордан әрі 3 күн бойы тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.

 

Сұрақ: Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

Жауап: «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек елімізде кәмелетке толған және  60 жасқа дейінгі азаматтар ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан  вакцина бойынша контингент анықталуда.

 

Сұрақ: Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?

Жауап: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында қолдану үшін пайдаланылатын болады.

 

Сұрақ: Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?

Жауап: Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

 

Сұрақ: Ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?

Жауап: Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша  бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты)  электрондық көшірмесі болуы қажет. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.

 

Сұрақ: Ресейден басқа тағы қандай вакцина өндіруші елдермен  ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде?

Жауап: Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) вакциналарын өндіретін елдерді қоса алғанда, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндіруші басқа да бірқатар мемлекеттермен келіссөздер жүргізуде.

 

Сұрақ: Біздің елімізде қандай вакциналар әзірленуде?

Жауап: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер-вакцинасы бар. Біріншісі – клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – БҚП ҒЗИ) әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі: (Қазақ ұлттық аграрлық университеті, М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы, БҚП ҒЗИ әзірлеп жатқан) клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина.

 

Сұрақ: Вакциналаудың  электронды  паспорты дегеніміз не?

Жауап: Вакциналаудың электронды паспорты дегеніміз – бұл вакцинаның медициналық тарихы. Бұл вакцина қабылдайтын халықты бақылау және мониторинг жүргізу және үздіксіз жүргізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдылық). Қазіргі уақытта вакциналаудың  электронды паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін – eGov Mobile мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы іске асырылатын болады.

Вакциналаудың электронды паспорты  вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакциналаудың электронды паспорты  азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакциналық  ем-шараның кезеңділігі, сондай-ақ вакциналаудан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат  қамтылады.

 

Сұрақ: Интернетте халықты вакциналау  арқылы «жаппай чиптеу» туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақылға қонымды жорамал?

Жауап: Қазақстан Республикасында бірде-бір вакциналау адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцина жасамас бұрын әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.

 

Сұрақ: Неліктен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина тез әзірленді?

Жауап: Пандемия кезеңінде осы вакцинаға аса қажеттілік туындады. COVID-19 вакцинасын әзірлеу бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру және адамдардың жаппай өлімі орын алғандықтан, аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңдейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам әзірленуі компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өтті деген сөз емес.

Н.Ф.Гамалея атындағы ЭжМҒЗО-ның «Спутник V» вакцинасына келетін болсақ, ол алдыңғы әзірлемелерге сүйене отырып жасалды. Орталық пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы да жататын РНҚ бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.

 

Сұрақ: COVID-19 індетімен ауырып жазылғандар  үшін вакцина алу қажеттілігі бар ма?

Жауап: КВИ-ден жазылып шыққандарға қатысты мәселе әлі талқылануда. Әлемдік деректерге сүйенсек,  КВИ-ден жазылып шыққаннан кейін қалыптасқан  антиденелер 3-6 ай өткенде  жоғалып кетеді деген  тұжырым бар. Бұдан кейін адам індетті қайта жұқтыруы да жоққа шығарылмайды.

 

Сұрақ: Бүгінгі таңда әлем көшбасшылары  мен танымал тұлғалардың қайсысы коронавирусқа қарсы екпе алды?

Жауап: АҚШ-та вакцинаны жаңадан сайланған президент Джо Байден алды – ол 78 жаста және тәуекел тобына жатады. Байденге Pfizer және BioNTech вакцинасы егілді.

Гвинея Президенті Альфа Конде «Спутник V» вакцинасымен егілген елдің алғашқы көшбасшысы. Сондай-ақ, елімізде  жоғары лауазымды 19 тұлға, оның ішінде Қорғаныс министрі екпе алды.

Аргентина президенті Альберто Фернандес Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жасатты. Президентке дейін Буэнос-Айрестің Денсаулық сақтау министрі Даниэль Голлан вакцина алды.

Венесуэла президентінің ұлы Николас Мадуро Герра Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасын таңдаған.

Түркия президенті Режеп Ердоған СoronaVac қытай препаратымен коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жасатты. Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Фахреттин қожа да екпе алған.

Ватиканда 84 жастағы Рим Папасы Франциск пен 93 жастағы Рим Папасы Бенедикт XVI  Pfizer вакцинасымен егілді.

Актер және Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер Pfizer және BioNTech вакциналарын қабылдаған. Американдық деректі кинорежиссер Стоун Оливер коронавирустық инфекцияға қарсы Ресейде өндірілген  «Спутник V»  вакцинасын пайдаланды.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алды. Сондай-ақ, алғашқы еріктілердің қатарында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мен  Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев  та бар.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *