COVID-19: Әлемдегі жаңалықтар

COVID-19: Әлемдегі жаңалықтар
Сурет: Gazeta.ru

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің үшінші сатысы басталды. Ревакцинация қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен еліміздің екі облысы әлі де «қызыл» аймақта. Ал пандемия жағдайындағы әлемнің халі нешік?

Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың телеграм каналының мәліметтеріне сәйкес, дүние жүзінің эпидахуалына шолу жасайық.

Америка Құрама Штаттары азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тәуекелі жоғары елдердің тізімін әзірлеуде. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы (CDC) COVID-19 аурушаңдығы өршіп тұрған Германия мен Данияға сапарларды шектеуді ұсынады. Хабарламада қауіптің «төртінші деңгейі» берілген осы екі еуропалық елге барудан бас тарту, ал ол мүмкін болмаған жағдайда сапарға шығу үшін алдымен толық вакцинациядан өту керектігі туралы мәлімделген. CDC қалыптастырған тізімге соңғы айда 100 мың адамға шаққанда 500-ден астам COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелген 75 ел енген.

Норвегия коронавирус таралуының кезекті толқынының алдында тұр және бұл ахуал ел билігін алаңдатып отыр. Қараша айынан бастап елде SARS-CoV-2 жаңа штамын жұқтырудың 34 848 жағдайы анықталды. Бұл көрсеткіш, яғни 30 000-нан астам КВИ фактілері пандемия басталғаннан бері тек қараша айында тіркеліп отыр.

«Біз коронавирус инфекциясымен күресуіміз керек. Яғни бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және басқа да шектеулер, сондай - ақ алғашқы белгілер байқалған сәтте, үйде емделу сынды қауіпсіздік талаптары орындалуы қажет»,-деді Норвегия Премьер-министрі Йонас Гар Стёре.

Қазіргі уақытта Норвегияда коронавирус инфекциясына шалдығу деректерінің жалпы саны 192 700-ге жуықтады.

Өткен тәулікте Оңтүстік Кореяда COVID-19 жұқтырудың 2 699 жағдайы анықталды. Елде расталған деректердің жалпы саны 420 950-ге дейін жетті. Сонымен қатар күн сайын Оңтүстік Кореяда 100 мыңнан астам адам COVID-19-ға қарсы екпе салдыруда. Бір күн бұрын 136 809 азамат вирусқа қарсы екпе алды. Оның ішінде екінші дозаны 87 611 адам қабылдады. Осылайша, 23 қарашада 42 290 047 тұрғын алғашқы дозамен иммунизацияланды, 40 585 580 адам вакцинациялаудың толық курсынан өтті. Ел билігі халықтың 79% - ы коронавирус инфекциясына қарсы толық егілгенін мәлімдеді.

22 қарашада Грузияда пандемия басталғаннан бері 814 097 коронавирус дерегі тіркелді. Бұл көрсеткішпен әлемде 47-ші орында тұр. Америкалық таблоидтар Грузияны коронавирус салдарынан көз жұму деректері бойынша әлем елдері арасында бірінші орынға шығарды. «Нью-Йорк таймс» газетінің жариялаған статистикалық мәліметтеріне сәйкес соңғы аптада аурудан қайтыс болу көрсеткішінің күн сайынғы дерегі 74 адамды құрап отыр. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 2 өлім-жітім жағдайын көрсетеді. Жалпы, елде 11 553 адам қайтыс болды. Басылымның мәліметінше, инфекция салдарынан көз жұму деңгейі бойынша Грузиядан кейінгі орында Болгария, Молдова, Украина, Хорватия және Латвия мемлекеттері тұр.

Алдағы 20 күнде жарияланған Ұлттық локдаун аясында Австрия үкіметі вакцинацияға күмәні бар азаматтарды әр-түрлі жолмен COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина алуға қызықтыру жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, басты жүлде - үй және электромобиль болып таблатын «коронавирус» лотереясының ойнатылуы жарияланды. Ұтыс ойынына 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Жалпы алғанда, бұл лотереяда мыңға жуық жүлде ойнатылады. Жеңімпаздар Рождество қарсаңында жарияланады.

Ресейдің Н.Гамалея атындағы ғылыми зеріттеу орталығының басшысы әлемде коронавирусқа қарсы жүргізілген зерттеулер туралы айта отырып, ғалымдардың әрекеттері тек емдеу мүмкіндіктерін бағалауға ғана байланысты екенін хабарлады. Сонымен қатар әлемде коронавирусты зерттеуде ерекше жетістіктер жоқ екенін баяндады.

«Барлық жетістіктер емдеу мүмкіндігіне бағытталған, өйткені вакциналар бар, сәйкесінше оларды жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ біз алдын - алу жұмыстарын емес, тек сыртқы әсерге төтеп берудеміз», - деді А.Гинцбург.

Ғалым пандемия тек ұжымдық иммунитетті қалыптастырумен аяқталады деп санайды және оған жетудің жалғыз жолы – әлемдегі жаппай вакцинация.