Cоғыс ардагерлерінің сүйегі Ресейден Алматыға жеткізілді

Cоғыс ардагерлерінің сүйегі Ресейден Алматыға жеткізілді
сурет: Almaty.tv

Ұлы Отан соғысы жылдары жоғалып кеткен 1000-нан астам жауынгерді табылған

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі осы уақытқа дейін Ұлы Отан соғысы жылдары жоғалып кеткен 1000-нан астам жауынгерді тапқан. Араға 80 жыл салып  2 соғыс ардагерінің сүйегі Ресейден Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Қан майданда жаумен арпалысып, Отан үшін қаза болғандардың сүйегі түбінде елге жетті. Солардың бірі Николай Гуров Сталинград түбіндегі шайқаста атты әскерді басқарып, ерліктің үлгісін көрсеткен. Алайда 1942 жылы хаты үзіліп, хабарсыз кеткен. Ал Воронеж маңынан табылған Төрегелді Үркірбаевтың туыстары болмағандықтан оның жерлеу рәсімін Жамбыл ауданы әкімшілігі өз мойнына алған.      

«Туыстарымның айтуынша, ол әуелі оқуға кеткен. Сол уақытта соғыс басталып, әрі қарай майданға аттаныпты. Басында үйдегілерге хат жіберіп тұратын, кейін хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Енді қазіргі құжаттардан қарасақ ол кісі батырлықтың нағыз үлгісін көрсетіпті. Ағаммен мақтанамын. Шыны керек оны таба алмаймыз деп күдер үзген едік», – деді Н. Гуровтың туысы Александр Горбовский.  

Құрылғанына 3 жыл болған «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің көмегіне 5 мыңнан астам қазақстандық жүгінген. Тіпті көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден туыстарын іздеушілер көп хабарласатын көрінеді. Қызметіне ақы алмайтын еріктілер бұл міндетін абырой санайды.

«Іздестіру кезіндегі қиындықтар сайтта құжат көп шыққан. Бірақ аты-жөндері қате жазылған. Енді біз сол үшін арнайы оқыдық. Іздестіру кезінде қате жазылған фамилияларды тауып, сонымен айналысамыз», – деді «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің өкілі Мейірхан Байбатырова.

«Осы кісілердің батылдығы, сол кездегі ерлігін келесі ұрпаққа жеткізу үшін тәрбие және идеологиялық бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшісі Еркебұлан Смағұлов.  

Биыл елге Ұлы Отан соғысына қатысқан 11 отандасымыздың сүйегі әкелініп, жер қойнына тапсырылды. Бұл – баланың баба алдындағы, тарих алдындағы міндеті.