Cарапшылар қазақстандық әуе компанияларының еуропалық «қара тізімге» енбейтінін айтты

Cарапшылар қазақстандық әуе компанияларының еуропалық «қара тізімге» енбейтінін айтты
Сурет: Trend.az

Кешенді жұмыстар қолға алынды.

Қазақстан Үкіметінің мүшелері қазақстандық әуе компанияларының еуропалық «қара тізімге» енбейтініне сенімді. Себебі арнайы шешім шыққан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«2022 жылғы 1 маусымда Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті еліміздің авиациялық билігі мен қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропаға ұшуына қатысты ресми шешімін жариялады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты», - делінген аталмыш министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Министрдің айтуынша, Еуропаның 27 мемлекетінің билігі отандық әуе тасымалымен айналысатын компанияларға кәрі құрлыққа ұшуға шектеу қоймайтыны жайында шешім қабылдағанын және еліміздің «қара тізімге» енбейтінін атап өтті.

«Еуропалық сарапшылар Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі саласында қалыптасқан ахуал мен осы тұрғыда соңғы 3 жылда ел Үкіметі тарапынан қабылданған шараларды оң бағалады. Әрине, біз бұны үлкен жетістік деп санаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Еуропалық мамандар тарапынан оң баға алу үшін көп күш-жігер жұмсалып, кешенді жұмыстар қолға алынды», – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ ол Қазақстанның бұған дейін «қара тізімге» кіргенін де еске салды. Атап айтқанда, 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы тарапынан жүргізілген аудит нәтижесінде еліміздегі әуе тасымалы саласында ХААҰ талаптарының сақталу көрсеткіші төмен екендігі анықталған (47 пайыз). Осыған орай Еурокомиссия Air Astana компаниясынан өзге қазақстандық әуе тасымалдаушыларға Еуропа елдеріне ұшуға тыйым салған болатын.

«Туындаған жағдайдан шығу үшін 7 жылдай уақыт қажет болды. 2016 жылы шектеулер алынып тасталғаннан кейін осындай олқылықты жайттардың алдағы уақытта қайталанбас үшін ИИДМ өте ауқымды жұмыстар жасады», – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, саладағы оң өзгерістер – түбегейлі реформаның нәтижесі. Жүргізілген жүйелі жұмыстар еліміздің азаматтық авиация билігінің еуропалық үлгіге өтуіне тікелей ықпал еткен. Бұл үшін Үкімет пен министрлік кешенді шараларды қолға алып, заңнаманы жетілдіру бағытында орасан зор жұмыстарды іске асырды. Нәтижесінде Ұлыбританияның авиациялық әкімшілігімен (UKCAA) ынтымақтастық орнатылып, нәтижесінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылды. Бұл ұйым 2019 жылдан бері азаматтық авиация саласындағы бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруда. Басқарудың бұл үлгісі дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданылады және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен EASA тарапынан мақұлданған.

«Жүргізілген реформа өз тиімділігін өткен жылдың тамыз айында толыққанды дәлелдеді. Себебі, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жүргізген аудит қорытындысы бойынша Қазақстандағы ұшу кезіндегі қауіпсіздік деңгейі 84 пайызға дейін артқаны айқындалды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жоғары. Сараптама нәтижесі бойынша еліміз Нидерланды, Бельгия, Португалия, Дания және Исландия мемлекеттерімен бір сатыда тұр», – деді ИИДМ басшысы.

«Бек Эйр» ұшағының апатына орай өткен жылдың соңында Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі бойынша қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«Отандық авиация саласын жаңа шектеулерден қорғау мақсатында Еуропалық комиссияға түзету іс-шараларының жаңа жоспарын ұсындық. Сондай-ақ ИИДМ-ның Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Бельгиядағы елшілігімен бірлесіп жүргізген тұрақты келіссөздерінің нәтижесінде комиссияға отандық әуе тасымалының әлеуеті мен ондағы қауіпсіздікті дәлелдедік», – деді министр.

Қазақстан тарапынан келтірілген дәлелдер мақұлданып, Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясы түзету шараларын оң бағалаған. Бұл өз кезегінде отандық авиакомпанияларды «қара тізімге» енуін болдырмауға септігін тигізді.

Қайырбек Өскенбаевтың пайымдауынша, дер кезінде қолға алынған шаралар Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі бойынша аймақтағы көшбасшылық позициясын сақтап қалуға ықпал еткен.

Сонымен қатар оңтайлы шешімдер мен жүйелі жұмыстар шетелдік әуе компанияларын тартуға және отандық әуе тасымалдаушылардың ұшу географиясы ауқымын ұлғайтуға өз әсерін тигізеді.