Cалт-дәстүрiмiздiң жаршысы

Қыстың қаһарлы аязды, суық күндерiн артқа тастап, көптен күткен шуақты Наурызымыз да келiп жеттi. Табиғат-Ана емiренiп, жан-жануарлар түлеп, жапан дала жаңғыра бастағанда олармен бiрге қуанған адамзат баласы да Ұлыстың Ұлы күнiн ақ жарқын мерекеге айналдырған. Осындай ұлы мерекеге Түркiсiб ауданындағы №44 мектеп-гимназиясының ұжымы үлкен дайындықпен кiрiстi.

Наурыз айындағы табиғаттың әсемдiгiмен астасқан салт-дәстүрiмiздiң алтын қазығын өскелең ұрпақтың санасына сiңiрудi темiрқазық санайтын мектеп директоры Айсұлу Ботаева Наурыз мерекесiне байланысты iс-шараларды қатаң басшылыққа алып, қадағалап отырды.

«Халқымызда дәуiрлердiң куәсi, алтындай сақталып атадан балаға, бiздiң заманға жеткен дәстүрлердi басқа ұлт өкiлдерiне көрсетiп-таныстыру, Отанымызға, халқымызға, жерiмiзге деген сүйiспеншiлiк, құрмет сезiмдерiн тудыру бiздiң мiндетiмiз. Бұл  оқушыларға қазақ халқының әдет-ғұрпы мен жөн-жосығын бiлiп-үйрену, мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгеруге бастайтын адастырмас сара жол», – дедi меутеп басшысы.

Мектебiмiздегi мерекелiк iс-шарарлардың беташарында шешендiк өнерге байланысты 9-сынып оқушылары арасында өткен «Бабалар өсиетi» атты сахналық әдеби-музыкалық қойылым болды. Iс-шараны қазақ тiлi және қазақ әдебиетi пәнi кафедрасының жетекшiсi Ш.Әбдiлдаева мен тәжiрибелi ұстаз А.Жұмабаева өте жоғары деңгейде өткiзiп, 9-сынып оқушылары Гауһар Жақсымбаева, Олжас Исмайл, Ардақ Махатова, Ғазиза Ибадуллаева, Мухаббат Османова шешен билердiң ұлағатты нақыл сөздерiн көрерменге өз сөздерiмен еркiн, таза жеткiзе бiлдi. Сосын Айғаным Тiлепбаеваның орындауындағы Абай атамыздың «Желсiз түнде жарық ай» әнi де тыңдаушылардың көңiлiнен шықты.

Ал бастауыш сынып мұғалiмдерi Ж.Тасанова, А.Ережепова, Н.Төлешова, А.Жарқынбаева өткiзген Наурыз мерекесiнiң мақсаты – жас ұрпаққа ана тiлiмiздiң қадiр-қасиетiн дарыту, туған тiлiмiздiң тұғырының мықты болуына негiз қалаған бабаларымыздың айтқандарын оқып-үйрену, қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру болды. Сондықтан да бастауыш сынып оқушылары мен ата-аналары үшiн ол үлкен мереке болды.

5–8-сынып оқушылары арасында өткен 7 бөлiмнен тұратын мақал-мәтел сайысы мектеп оқушыларының есiнен көпке дейiн кетпесi сөзсiз. Әр бөлiмнен кейiн мектептегi өнерпаз оқушылар – О.Маркелова, А.Күнтубаева, А.Нұрбаева, Ә.Нұрғалиев, А.Сламжанова, Н.Тұрдахунова өнерлерiн тамашалап, бiр жасап қалды. Осы сыныптарда сабақ беретiн ұстаздар мектеп директорының орынбасары Р.Шубекова, сынып жетекшiлерi Т.Мұқпылдаева, тәжiрибелi ұстаздар, Г.Оңғарова, Г.Асаубаева, жас маман Н.Абдрахманова iс-шараның жан-жақты, қызықты өтуiне аса жауапкершiлiкпен қарап, жоғары деңгейде өтуiне өз үлестерiн қосты.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бұл оның мәдениеттi әрi тәрбиелi ел екендiгiнiң айғағы.¥ Ұлттық тәлiм, салт-сана сабақтары адамгершiлiк тәрбиесiнiң аса сенiмдi, әрi ғажайып жол екенiн көрсетедi. Өсiп келе жатқан ұрпақ бойына отаншылдық, ерлiк, мәрттiк, жомарттық, жоғары адамгершiлiк қасиеттердi, мемлекеттiк тiлдi құрметтеудi осындай iс-шаралармен дарыта отырып тәрбиелесек, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi де биiктерi сөзсiз.

Бақыт ТОҒЖАНОВА,

№44 мектеп-гимназиясының қазақ тiлi пәнiнiң мұғалiмi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *