Cайлауалды көңiл-күйi нақты көрiнiстi айқындап бердi

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Қазақстан Республикасының президенттiгiне үмiткерлер арасында сайлауалды тұғырнамасының таныстырылым iс-шарасы жер-жерлерде қызу жүргiзiлуде.

Кеше Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында қазақстандық сайлаушылардың қалауларына арналған әлеуметтiк зерттеулер нәтижелерiнiң таныстырылымы болып өттi.

Конференцияны ашқан институт директоры Болат Сұлтанов бүгiнгi таңда әлемдiк халықаралық ұйымдар мен шетелдiк БАҚ-тың Қазақстан Республикасының бүгiнгi Президентiне қолдау бiлдiрiп жатқандығын айта отырып, үмiткерлер арасында Нұрсұлтан Назарбаевқа тең келетiн балама кандидаттың жоқ екендiгiн жан-жақты түсiндiрiп бердi.

Әлеуметтiк зерттеулердiң қорытындысы сайлаушылардың елiмiзде өткiзiлгелi отырған сайлау туралы түсiнiгiнiң қалыптасқанын көрсетiп отыр. Сондықтан жер-жерлерде құрылған сайлау комиссияларынан аса жауапты сайлау науқанында қалыптасқан жүйенiң бұзылмауын қатар қадағалау қажеттiгi сұралуда.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, белгiлi әлеуметтанушы ғалым Зарема Шаукенованың «Сайлауалды әлеуметтiк зерттеулер: болжам жасау тәжiрибесi» және Демократия институты ғылыми-зерттеу мекемесiнiң жобалар директоры Ю.Кучинскаяның «Қазақстандықтардың сайлауалды көңiл-күйi (1 бағам)» тақырыптарындағы зерттеу нәтижелерiнiң диаграммалық таныстырылымдары өте әсерлi шығып, үмiткерлер арасындағы нақты көрiнiстi айқындап бердi.

Репрезентативтi зерттеулер сайлаушылардың қатысуын, кандидаттардың қолдау деңгейiн, тұрақты абсентейстер санын, қазақстандық сайлаушылардың таңдауына әсер еткен саяси мiнез-құлқының себептерi мен факторларын болжауға мүмкiндiк тудырып отыр.

Респонденттердiң кiмге және не үшiн дауыс беретiндiгi, сайлауға қатысуы немесе қатыспауы жайлы сұрақтарға әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың талдауы қызығушылық тудырды. Зерттеу амалдары сайлаушылардың үмiткерлердi танып-бiлудегi бiлiгi төмендегiдей болған:

М.Елеусiзовтi бiлетiндердiң саны – 13,5 пайызды құраса, сенiм бiлдiрушiлер – 1,0 пайызды, Ғ.Қасымовты 35,2 пайызы бiлсе, олардың 5,0 пайызы сенiм бiлдiрген, ал Н.Назарбаевты жалпы сайлаушылардың 99,9 пайызы бiлсе, 97,6 пайызы сенiм бiлдiрген. Коммунистер ұсынған үмiткер Ж.Ахметбековтi сайлаушылар әлi танып бiлмейтiндiгiн де жасырмаған.

Респонденттер: «Сiз 3-сәуiрдегi мерзiмiнен бұрын өткiзiлетiн сайлауға қатысасыз ба?» деген сұраққа төмендегiдей жауап берген: Қатысамын– 73,4 пайыз; қатысуым мүмкiн – 13,1 пайыз; қатыспайтын шығармын – 3,5 пайыз; қатыспаймын – 4 пайыз; әлi шешiм қабылдаған жоқпын деушiлер – 6 пайызды құраған.

Сайлаушылардың 91,2 пайызы Н.Назарбаевқа дауыс беретiндiгiн бiлдiрсе, олардың 2,1 пайызы басқа кандидаттарға қолдау бiлдiретiндiгiн айтқан. Ал әлi шешiм қабылдамағандар сайлаушылардың жалпы саны 6,7 пайызды құраған.

Кездесу БАҚ өкiлдерiнiң қатысуымен еркiн жағдайда өттi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *