Бүгін – Халықаралық студенттер күні

Бүгін – Халықаралық студенттер күні
Сурет: интернеттен

Алматы әлемдегі студенттерге арналған ең жақсы 100 қаланың қатарына енді.

Халықаралық студенттер күні жыл сайын 17 қарашада тойланады. Мереке 1941 жылы фашизмге қарсы күрескен елдер студенттерінің Лондонда өткен халықаралық кездесуінде бекітілді, бірақ 1946 жылдан бастап тойлана бастады. Бұл күн чехтің патриот студенттерін еске алуға  арналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Әрине, бұл мереке жастықпен, романтикамен және көңіл көтерумен байланысты болуы керек, бірақ оның тарихы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехословакияда басталған қайғылы оқиғалармен байланысты.

Calend.ru –дың мәліметінше, 1939 жылы 28 қазанда фашистер басып алған Чехословакияда прагалық студенттер мен олардың ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылған күнін (1918 ж. 28 қазан) мерекелеуге шеруге шықты. Басқыншылардың бөлімшелері демонстрацияны таратты, ал медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атып өлтірді.

1939 жылы 15 қарашадағы  Ян Оплеталды жерлеу рәсімі қайтадан наразылық акциясына айналды. Ондаған демонстранттар қамауға алынды. 17 қарашада студенттер жатақханалары қоршауға алынды. 1200-ден астам студент тұтқындалып, Заксенхаузен концлагеріне түрмеге жабылды. Праганың Рузине ауданындағы түрменің зынданында тоғыз студент пен студенттік қозғалыс белсендісі сотсыз өлім жазасына кесілді. Чехияның барлық университеттері Гитлердің бұйрығымен соғыс аяқталғанға дейін жабылды.

Осы оқиғалардың құрметіне Халықаралық студенттер күні белгіленді, ал соғыстан кейінгі жылдарда оның тойлануы 1946 жылы Прагада өткен Бүкіләлемдік студенттер конгресінде бекітілді және сол уақыттан бері ол жыл сайын аталып өтеді.

Қазіргі уақытта Студенттер күні әлемнің көптеген елдерінде тойланады және бұл күнді мерекелеу бағдарламалары әр түрлі болғанымен, студенттер арасында өте танымал. Бірде-бір университет осы мерекеден тыс қалмайды. Ал бұл күннің алдында Бейбітшілік пен достық үшін күрестің халықаралық студенттік апталығы (10-17 қараша) өтеді.

Британдық Studee консалтингтік компаниясының нұсқасы бойынша Алматы студенттерге арналған әлемдегі ең жақсы 100 қаланың қатарына енді. Тұрғын үйдің орташа құны мен жалдамалы тұрғын үй, интернет жылдамдығы, халықаралық рейтингке енген университеттердің саны сынды критерийлер бойынша қаламыз 76-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы Нью-Йорктен кейін, Варшаваның  алдында тұр. Айтпақшы, бұл рейтингте Мәскеу 84-ші орында, ал Санкт-Петербург 98-ші орында.