Біздің жастар өте ізденімпаз

Біздің жастар өте ізденімпаз
Сурет: Zakon.kz

Отандық ІТ сала қарқынды дамуда

Еліміздің ІТ саласында оң өзгеріс көп. Соңғы уақыттары дамудың даңғыл жолына бет бұрғандай. Жастар өрендердің қызығушылығында шек жоқ. Бастысы әлемді бағындыратын қаракөздердің шығатынына сенеміз.

Осы орайда Алматылық жас кәсіпкер, TezText қосымшасын ойлап табушының бірі Абай Серғазиевті сұқбатқа тартқан едік.

Абай өзіңізді ІТ компанияның басшысы екеніңізді білеміз, аталған саланы терең игермек үшін не істемек керек?

– Өте жақсы сұрақ! Біздің бағытымыз ғаламтормен тікелей байланысты. Ең негізгісі құштарлық керек шығар. Аталған қасиет болса қалғаны өз орын табады. Бізде студенттер де, тіпті 18 жас шамасындағы жастар жұмыс атқтарады. Егер қабілеті болса алып кетеді. Менің жасым 28-де. Жастайымыздан біздер компютер, интернетке жақын болдық. Соның нәтижесінің бірі TezText қосымшасы дегім келеді. Әрбіріміз, нәтижелі іспен айналысып жүрміз деп санаймыз.

Әлемде, Фейсбукті Марк Цукерберг, Инстаграмды Кевин Систром ойлап тапты. Тізімді және жалғастыруға болады. Олар мультимиллиардерлер қатарында. Болашақта қазақ жастарын және сізді осылардың қатарынан көруіміз мүмкін бе?

 – Әрине! Бәрі де мүмкін. Негізінен алғанда аухаттылық пен байлықты көздемеймін. Бар болғаны, сүйіті іспен айналысып жүргендер қатарына жатқызамын. Бұл үшін ауызбіршілік керек. Өйткені жұмыстың ыңғайы солай. Бір адамның қажыр-қайратына барлық тірлікке келмейді. Әгәрәки, әркім өз жұмысын тыңғылықты атқарса, ілгері жылжу деген сол дер едім.

Қазақ тілді контент кенже дамуда, бұл тұрғыдағы ойларыңызбен бөліссеңіз?

– Иә, ол да бар. Бірақ соңғы уақыттары қазақша ғаламторды пайдалану кең өріс алып келеді. Біздің жастарымыздың сөйлеу дағдысы көп қазақшаланды. Бұрынғымен салыстырғанда алға жылжу байқалады. Сол себепті де қазақы аудотиряға арнап мультфильм аударып, балалар ойындарын жасау ойда тұр. Неге Жапонияның «Нарутосы» сияқты шығармаймыз?! Осыны қолға алу керек. Үлкен идеологиямен жасалған, салт-дәстүр, құндылықтар тұрғысынан алған да бізге жақын. Осындай игі құндылықтарды қажетімізге асырған жөн. Ибн Сина, жалпы ілімдар адамдар Орта Азиядан тарайды. Ғалым, білімнің шамшырақтарының еңбегін тәржімалаған абзал. Бір сөзбен айтқанда, Дешті-Қыпшақ, түркілерден небір ұлы ойшылдар шыққан.

Шет елді бағындыру немесе сонда қоныс аудару ойда бар ма?

– Біздер туған жердің ұландарымыз. Қазақ жері баршамыздың ыстық отанымыз. Шет елге барып та, онда өмір сүруге де болады. Онсыз да шетел нарығындамыз. Дегенмен, ағайын-туыс, ата-ана бауырларымыз осында. Олардан қол үзіп кетуге болмайды. Әйтпесе, әрбіріміздің сыр елде істеуге қауқарымыз бен біліміміз жетеді. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты т.б алыптар елі үшін қызмет атқарды. Алдыңғы буынның жолын жалғау әрбірімізге парыз болмақ. Қысқаша айтқанда, бәрібір туған өлкенің қадірі бір бөлек демекпіз.

Әңгімеңізге рақмет!