Біздің кітапханаға Президент келген

Біздің кітапханаға Президент келген
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының кеңістігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында модернизацияланған. Осы рухани мекенге Мемлекет басшысы Алматыға сапарында арнайы ат басын бұрған еді. Кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, жастармен, оқырмандармен жүздескен болатын.

Көп ұзамай Президенттің халыққа Жолдауынан мәдениет қызметкерлері, оның ішінде кітапханашыларды атап айтқаны көңілге қуаныш ұялатқаны рас.

Сөздің расы, кітапханашылардың еңбегі  көп жағдайда еленбей, қалыс қалып жатады.

Баяғыда бір мемлекетті құрту үшін кітапханаларын өртеген екен. Бұл деген - тарихты жоғалту. Кітапхана - тұтас бір елдің тарихын сақтаушы ошақ. Сондықтан кітапханаларға ерекше көңіл бөлінуі де тарихи оқиға біз үшін.

Сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн. Мысалы, мен Алматы қаласындағы кітапханаларды жаңғыртуға арналған осындай ұтымды жобалар бар екенін білемін», - деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында да еліміздегі, мемлекетіміздегі және халықаралық  басты жағдайлар сөз болды.

Кітапхана мемлекеттік бағдарламалар туралы оқырмандарына жеткізуге міндетті. Біз, кітапханашылар, Жолдаудағы қамтылған барлық бағыттарға  арнайы түсіндіру, талқылау, пікірлесу жұмыстарын жоспарлап отырмыз.

«Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адамдарға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге отырғызған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз қажет. Қазір ғаламтор дәуірі. Ондағы бейберекет ақпарат ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көрсететін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады», - деді Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында.

Кітапханалар осы зиялы қауым, ақын-жазушы, ғалым, тарихшылардың еңбектерін оқырмандарға насихаттап, білімге құштарлықтарын арттырып, жастардың бос уақыттарын  тиімді пайдалануына көмектесетін бірден-бір орталық ретінде жұмысын жалғастыра бермек.

«2022 жылдан бастап музей қызметкерлері мен кітапханашылардың  жалақысы өседі». Бұл да - бүгінгі Жолдаудың біз үшін маңызды тұсы. Ел руханиятын, оның ішінде жастардың рухани байлығын көтеруге атсалысып отырған мамандардың  тұрмыстық әлеуетінің жақсарғаны, әрине, жақсы.

Ендеше, Мемлекет басшысының  мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы айтқаны қоғамда кітапханашының мәртебесін көтеріп, беделін арттырары сөзсіз.

Жалпы, адам рухани байып, санасы серпілмей, ешқандай жетістікке жете алмайтыны бәсенеден белгілі. Сондықтан мәдениет, білім  саласына баса көңіл бөлгені бұл салаларға да айтарлықтай өзгеріс енгізері  анық.

Жиырма бірінші ғасыр – ағымы бөлек ғасыр. Тым жылдам, тым жаңа әрі жаңалықтарға толы. Осы толқыныстан Жамбыл жасөспірімдер кітапханасы қалыс қалмай, ел болашағы, мемлекет дамуы үшін жасалған аса маңызды Жолдауға қолдау білдіреміз.

Кітапхана білім-мәдениет ошағы, ақпарат орталығы болғандықтан, осы  Жолдаудың халыққа жетуіне және еліміздің дамуына әрбір азамат мүдделі екенін жеткізу үшін бірқатар іс-шаралар, түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.