Білім сапасын жақсарту жолдары

Білім сапасын жақсарту жолдары
Almaty-akshamy.kz

Білім сапасы 

Алматы қаласы білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева онлайн брифинг кезінде білім саласының сапасын көтеру үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндады.    

Департамент басшысы биылғы жылдың екі айында жүргізген бақылау қорытындысын ортаға салды.  

Гүлнар Ермекбаеваның айтуынша, осы жылдың маусым мен шілде айларында қаладағы 207 орта білім беру ұйымдарына тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру кезінде білім беру ұйымдарындағы санитарлық эпидемиялогиялық талаптардың ұйымдастырылуы, яғни Аshyq жүйесінің барлық жерлерде орнатылуы, ұйым қызметкерлерінің термометрлік құрылғыларды қолданылуы сияқты талаптардың орындалуы тексерілген.  

Біз мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп қана қоймай, олардың материалдық-техникалық құралдармен қалай қамтамасыз етілгенін, ағымдағы немесе күрделі жөндеудің жүргізілгенін, бейнекамералардың бар-жоғын  тексердік. Барлық білім ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 мектеп пен 1 колледжде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.  №54 мектеп-гимназия мен №7 орта мектептегі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде тапсырылмай отыр,  – деді білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

Гүлнар Ермекбаева басшылық етіп отырған мекеме мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету, біліктілік санаттарын беру, бос орындарға конкурстық рәсімдерді жүргізу және білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау ережелерін сақтау бойынша үлкен жұмыс жүргізді.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, колледждерде және еліміздің әскери, арнайы жоғары оқу орындарында мемлекеттік аттестаттау енгізілгені белгілі.  

Департамент басшысының айтуынша, елімізде «Мемлекеттік аттестаттау мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты» талаптарының сақталуын бақылау және білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында профилактикалық бақылау түрінде жүргізіледі. Мемлекеттік аттестацияның маңыздылығы – оқушылардың білімін бақылап, ата-аналардың сауалнамасын, білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалауын қарастырады.

Сонымен қатар, 5 жыл ішінде барлық балабақшалар, мектептер, колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтуі қажет.