Білім грантына 100 мыңға жуық өтініш берілген

Білім грантына 100 мыңға жуық өтініш берілген
Сурет: 100umov.RU

Құжаттарды қабылдау 16 шілдеде басталған, 25 шілдеде аяқталады.

 Елімізде білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

 Құжаттарды рәсімдеу Egov электрондық үкімет порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады. Жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес береді.

 Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге не қажет екенін осы жерден көре аласыздар.

 Егер талапкер «Алтын белгі» иегері болса немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталса, онда ол басқа талапкерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары да басым құқыққа ие.

 Өтініш берушінің мұндай жетістіктері ескерілуі үшін растайтын құжаттардың көшірмелерін де жүктеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші халықаралық тіл сертификатының атауын, балын көрсетеді және электрондық сертификатты тіркейді.

Естеріңізге сала кетейік, конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде медициналық анықтама талап етілмейді. Медициналық анықтаманы тамыз айында университетке қабылдау кезінде тапсыру қажет.