БҰҰ әлемде аштықтан жапа шеккендер күрт өскенін айтып дабыл қақты

БҰҰ әлемде аштықтан жапа шеккендер күрт өскенін айтып дабыл қақты
сурет: Inform.kz

Бұл - жер шарындағы халықтың 10 пайызы

Адамзат 2030 жылға қарай аштықтан құтыламыз деген мақсатынан алшақтап барады. БҰҰ сарапшылары осындай қорытынды жасады, себебі былтыр әлемде 830 миллионға жуық адам азықпен жеткілікті қамтылмаған, бұл - жер шарындағы халықтың 10 пайызы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Еuronews агенттігінің мәліметінше, 2020 жылмен салыстырғанда аштыққа ұшырағандар саны 46 миллионға артты. Жалпы, пандемия басталғаннан бері азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шеккендер саны 150 миллионға өскен. 

«Біз кедейшіліктің шегіне жетіп қалғанын көріп отырмыз, онымен күресу үшін ондаған жылдар бойы жүргізілген күш-жігер босқа кетті. Әлемде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт - адамдардың қалыпты тамақтануға мүмкіндігі жоқтығы», - деді Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бас экономисі Максимо Тореро. 

Азық-түліктің жетіспеушілігі Азия, Африка, Латын Америкасы және Кариб бассейнінде байқалды. Қазір әлемде жағдай күрт нашарлады. Егер өзгеріс болмаса, 2030 жылы 670 миллион адам аштыққа ұшырайды, бұл - шамамен 2015 жылғы көрсеткішпен тең.