Бұл – жаңару мен  жаңғыру  жолы 

Бұл – жаңару мен  жаңғыру  жолы 
kz.vesti.news

Конституциялық реформа – жалпыұлттық сипаттағы бағдарлы мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұжырымдағандай, саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – ақиқат.

Өткен  үш жылға жуық уақыт ішінде Президентіміз халқына берген уәделерін мүлтіксіз орындап, Антқа адалдығын дәлелдеп келеді. Саяси трансформация барлық салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейтінін қадап айтты. Бізге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын аманаттады. Басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу үшін  «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алуды тапсырды.  

Ең бастысы,  қоғамды толғандырған бірқатар мәселелер шешімін тапты. Президент алғашқыда ұсынған саяси реформалардың төрт топтамасы бойынша нақты нәтижелер көріне бастады. Мұны елімізде соңғы уақытта болып жатқан тарихи шешімдер мен маңызды оқиғалар айғақтайды. Қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Ондағы пікірталастағы әр пікір, әр ұсыныс назардан тыс қалмады, мұқият  зерделенді. Саясат саласында ғана  оннан астам заң қабылданды. Осыған қарап-ақ еліміздегі оң үдерістердің ауқымын межелеуге болады. Солардың бірі де бірегейі – бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның демократиялық бағдары қоғамның зор қолдауына ие болды.

Аталмыш  құжат кім-кімге де еш кедергісіз шеру өткізуге, ниет-пікірін емін-еркін айтуға мүмкіндік беруімен де бағалы. Осылайша билік пен халық арасында  диалог алаңының жаңа үрдісі, азаматтық жауапкершілік пен саяси мәдениет қалыптасып келеді. Президентіміз айтқандай, заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс. Сонда ғана  мемлекетімізде жүргізіліп жатқан  жүйелі саяси өзгерістер жүйесін табады деп сенеміз. Бүкіл құзырет бір қолға жинақталған басқару жүйесі өзінің тиімділігін жоғалтып, құрдымға кете бастаған қазіргі кезеңде бізге ұлттық серпіліс қажет. Әділетті Қазақстанды құру – өз қолымызда. «Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ» деген Қасым-Жомарт  Тоқаев  халыққа көпірме сөз емес, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер қажеттігін ескерткені белгілі.  «Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату  өте маңызды. Себебі, нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады», – деді Президент.

Олай болса, жаңару мен жаңғыру реформаларынан, жалпыхалықтық референдумнан ешкім шеттеп қалмай, әркім Жаңа Қазақстанның дәуірлеуі үшін белсене жұмылғаны керек. Ел тағдыры мен елдіктің абырой-беделі жолындағы аманатқа адалдық – киелі парыз десек, әрбір азамат бұл маңызды мәселеге әлеуметтік жауапкершілікпен қарағаны абзал.