«Бұл – менің әлемім» дейді суретші

«Бұл – менің әлемім» дейді суретші
almaty-akshamy.kz

Кеше Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде қылқалам шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Садығұлов Рақымжан Сейткендірұлының «БҰЛ – МЕНІҢ ӘЛЕМІМ» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрмеге суретшінің әр жылдары жазылған кескіндеме, графика және гобеленнен құралған 70-ке жуық  туындысы қойылған. Рақымжан Садығұлов – 150-ден астам ірі жұмыстың, оның ішінде кескіндемелік сериялық «Абылай хан», «Мұхамед-Хайдар Дулати» мен «Жер әлеміне бейбітшілік», «Жаңа қала», «Менің бағым», «Томирис», «Шамандар», «Мәңгілік», «Аңырақай шайқасы» атты гобелендердің авторы.

Сондай-ақ, теория мен практиканы, арнайы пәндерді оқыту әдістемесін жетік меңгерген деңгейі жоғары кәсіби маман, «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығы бойынша бірнеше оқу-әдістемелік құралдының, ғылыми мақалалардың және «Бейнелеу өнері мамандандырылған терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша түсіндірме сөздігінің», О.Таңсықбаев шығармашылығына арналған кітаптың авторы. 

Осындай өнер иесінің Қастеев музейінің төрінен орын алған бірегей туындылары көрмеде 16 ақпанға дейін тұрады. Көрме жетекшісі – Лаура Әбілдаева.