Бұқтырма жағалауында кәсіпкерлерге жер беру уақытша тоқтатылмақ

Бұқтырма жағалауында кәсіпкерлерге жер беру уақытша тоқтатылмақ
сурет: Inform.kz

Демалыс орнын дамытудың бас жоспарын әзірлеу ұсынылды 
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында кәсіпкерлер мен тұрғындарға жер беру уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында Бұқтырма су қоймасының жағалауын көркейтіп, демалушылар санын арттыру жайлы сөз қозғалды. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мұстафин демалыс орнын дамытудың бас жоспарын әзірлеуді ұсынды. 

«Бүгінде жағалауға бос жатқан жер телімдері бар. Кейбіреулер сонда асығыс-үсігіс үйлер салып жатыр. Оларды тоқтатып, демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жағалауды дамытудың бас жоспарын әзірлеу керек. Алакөлдің үлгісі бойынша инфрақұрылымды жақсарту үшін қанша қаражат қажет екендігін анықтау қажет», - деді ол. 

Аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл ұсынысты мақұлдап, апыл-ғұпыл құрылыс жұмыстарын болдырмау керектігін айтты. Өз сөзінде ол нақты бас жоспар әзірленгенге дейін жаңа жер телімдерін беруді және онда құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруді тоқтата тұру қажеттігін жеткізді.