Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Almaty Sport Fest 2022 фестивалі өтуде

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Almaty Sport Fest 2022 фестивалі өтуде
Суреттерді түсірген: Қайрат Қонысбай

Республика күні мен Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының 55 жылдығына орай Almaty Sport Fest 2022 спорт фестивалі өтіп жатыр

Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының Baluan Sholak Arena, Olimpic Arena және ABAI Arena кешендерінде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған спорт секцияларының көрсетілімдері өтуде.

Brave FC жауынгері Асу Алмабаев пен NFC спортшысы Фанил Рафиков аралас жекпе-жектен өз шеберліктерін көрсетсе, Елдос Жұмаханов дзюдодан, Тимур Сериков грек-рим күресінен және Наталия Клименко каратэден шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Сонымен қатар баскетболдан «Алматылық Легион» және футзалдан «Қайрат» ойыншылары өз өнерлерін көпшілік қауымға паш етуде. Айта кеткен жөн, фестивальге тек мектеп оқушылары ғана емес, кез келген адам қатыса алады. «Мәдени-спорт кешені» ЖШС директоры Ержан Саурықовтың пікірінше, біздің қаламызда спортты дамыту үшін барлық қажеттілік бар және бұл ретте мемлекет ерекше рөл атқарады.

- Бүгінгі фестивальге келген барлық спорт сүйер қауымды келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Бұл тамаша оқиға Қазақстан Республикасы күніне және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының 55 жылдығына арналған. Sport Fest Almaty – спорттық дағдылармен, тәжірибемен бөлісуге, бір-бірімен танысуға және жаңа достар табуға тамаша мүмкіндік. Біздің спорт кешендерімізде 20-ға жуық спорт секциялары жұмыс істейді. Жақын арада жеке инвестицияларды тартудың арқасында Baluan Sholak Arena-да бірқатар спорт залдары ашылады. Спорт – жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бөлігі. Ол рухты көтереді, тәртіпті қалыптастырады және жеке адам тұлғасының дамуы үшін шексіз мүмкіндіктер ашады. Алматыда балалар арасындағы спорт пен бұқаралық спортты дамыту - біздің басым міндеттеріміздің бірі. Осы бағытта жұмыс істеуді тоқтатпаймыз, – деді ол.

Сондай-ақ, фестиваль аясында Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының үздік қызметкерлері марапатталып мен жақсы нәтижемен өзін көрсете білген спорт секцияларының жетекшілері марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Айта кеткен жөн, бүгінде спорт кешендерінде 20-ға жуық спорт секциясы жұмыс істейді. Жақын арада жеке инвестицияларды тартудың арқасында Baluan Sholak Arena жертөлесінде, үшінші және төртінші қабаттарда тағы бірнеше спорт залдар ашылады.