Бүгін күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық төрт балуан сынға түседі

Бүгін күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық төрт балуан сынға түседі
Сурет: Inform.kz

Бұл күні әйелдер және грек-рим күресінен белдесулер өтеді

Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында бүгін, 12 қыркүйекте бозкілемге шығатын қазақстандық балуандардың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл күні әйелдер және грек-рим күресінен белдесулер өтеді.
Әйелдер күресінен Марина Седнева (55 келі) мен Аяулым Қасымова (62 келі) жарысқа түседі.
Алғашқы белдесуінде Аяулым Қасымова үндістандық Сонаммен кездессе, Марина Седнева польшалық Р. Засинамен шеберлік байқасады.

Айта кетсек, әйелдер құрамасында олардан өзге Светлана Анкичева (50 келі), Жұлдыз Ешімова (53 келі), Эмма Тисина (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Елена Шалыгина (65 келі), Мәдина Бақбергенова (68 келі) Жәмила Бақбергенова (72 келі), Гүлмарал Еркебаева (76 келі) бар.
Енді грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) сайысқа түседі.
Айдос Сұлтанғали румыниялық Александру Трандафирмен 1/8 финал жолдамасын сарапқа салса, Әлімхан Сыздықов ирандық Амин Мирзазаде алғашқы белдесуін өткізеді.

Ал Диас Қален бүгін, 12 қыркүйекте жұбаныш белдесуіне қатысады. Оның алғашқы қарсыласы - өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратов финалға жолдама алуына байланысты оған осындай мүмкіндік жасалды.

Айта кетсек, 11 қыркүйекте ел құрамасынан Ғалым Қабдунасаров, Дін-Мұхамед Қошқар, Ислам Умаев қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Сондай-ақ, қола жүлде үшін сайыста Аманғали Бекболатов (55 келі), Ибрагим Магомадов (72 келі), жұбаныш белдесуінде Тамерлан Шадукаев (77 келі) қарсыластарына есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды.

Ел құрамасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) жарыс жолын ерте аяқтады.
Айта кетсек, күрес түрлерінен әлем чемпионаты 10-18 қыркүйек аралығында өткізіледі.