Бүгін - Халықаралық десерт күні

Бүгін - Халықаралық десерт күні
Сурет: Total.kz

Тирамису, нутелла, чизкейк, пудинг, балмұздақ. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Егер бұл атаулар сізге жақсы таныс болса, демек тәттіні жақсы көретіндер қатарынансыз немесе кондитер өнімдеріне қатысы бар маман болғаныңыз.

1 ақпан – Халықаралық десерт күні. Тәттіні жақсы көрмейтін адам кемде-кем болар. Ал егер жоғарыда аталған тізімнен бірде-біреуін танымаса, онда тәттіге еш  әуес емес жандар қатарынан болғаны. Десерт бүгінде әлемнің кез келген елінде дамып, неше түрі шығып кеткен. Әрбір кондитерлік өнімнің өзінің шығу тарихы, себебі, тіпті арнайы күндері бар болар. Дегенмен тәтті өнімдерді біріктіретін бір күн бар. Ол – ақпанның бірінші жұлдызы, яғни бүгін.

Бұл бейресми дата және ол интернет желісін пайдаланушылар арқасында танылып келеді. Тәттіқұмарлар арасында бұл күнді қалай атап өту керектігі жөнінде ортақ пікір әлі де қалыптаспаған болар. Кейбірі бұл күнді 12 қараша күні, ал енді біреулері 1 ақпан күні атап өтеді. Calend.ru сайының мәліметінше, екінші датаның пайда болуы АҚШ- та блогер әрі кондитер Энджи Дадлидің жасаған кейк-поп десертінің кең таныла бастауымен байланысты. Кейк-поп 2008 жылы кеңінен танылып, мойындалды.

Уақыт өте келе десерт күнінің нақты датасы белгіленетін болар.

Бұндай күнді атап өту, әсіресе, балалар үшін зор қуаныш шығар. Айналаңызға жақсы көңіл-күй  сыйлауға жомарт адам болсаңыз, мұндай күндері оларды да ұмытпаған жөн.

Тәттіні тым көп жеу зиян десеңіз, құрамын барынша пайдалы етіп әзірлеп немесе тапсырыс беріп, кішкентайларды немесе жақындарымызды қуантуға себеп тауып, осы күні құттықтаса болады. Дофамин гормоны түсіп, күйзелістен шаршаған адамдарға да өздерін жақсы сезіну үшін бүгін – жақсы себеп. Дегенмен, тәттінің зиянды жағы да бар екенін ескеріп, шектен шықпай,  денсаулығына зиян келмейтіндей мөлшерде аздап тәтті торттан жесе, айыбы болмас. 

Көңілді жүру үшін күнде тәтті жеп, ол үшін мереке жасау да міндет емес. Дегенмен, өзгенің көңілін көтеріп, жанын жадыратар жан үшін бұл таптырмайтын себеп. Тәттіге қарамай жадырап жүретін адамдардың дастарханында күнде мереке.